Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛМАҒАН АУЫЛ БАЛАЛАРЫНА ЕРІКТІЛЕР КӨМЕКТЕСЕДІ

Уақыты: 04.04.2020
Оқылды: 535
Бөлім: РУХАНИЯТ

Елімізде коронавирустың таралуын тоқтату мақсатында төтенше жағдай жарияланып, осыған орай, білім салалары қашықтықтан оқыту жүйесіне көшкені белгілі. Бұл бағытта бірнеше қиындықтардың барын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те атап өткен болатын.

Оның ең күрделісі – шалғай ауылдың жағдайы. Дей тұрсақ та, алып шаһар Алматыдан таяқ тастам жердегі Талғар ауданында да интернеті жоқ ауылдардың бары анықталған. Қашықтықтан оқыту форматына көшуге дайындық жұмыстары жүргізілгеннен бері жан-жақты қарастырылған мәселелердің бұл күнде біртіндеп шешім тапқаны жөнінде Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Сәдуақасова баяндады.

- Елдегі карантиндік жағдайға байланысты қашықтықтан оқыту форматына ауданымыздағы 42 орта мектеп бойынша 42 609 бала көшіп отыр. Олардың басым бөлігінен көбінде, яғни, 21305 баланың үйінде интернет желісі жұмыс істейді және копьютерлік құрылғылар мен смартфондары бар. Бұлардың 4 мыңға жуығы Талғар қаласының, ал 18 мыңға жуығы ауылдық елді-мекен оқушылары. 21304 оқушы «Балапан» мен «Ел арна» телеарналары арқылы оқытылатын болады. 284 оқушыға еріктілер тапсырмаларды жеткізіп беретін болады. Бүгінгі күнге ауданда 2525 оқушыға компьютер жеткіліксіз екендігі анықталып, олардың 1131-і мектептердегі техникалармен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, 140 моноблок сатып алынды және жылдық жоспарға сәйкес 195 компьютерге тендер ойнатылуда, – деген білім бөлімінің басшысы Қарлыға Айсабекқызы қашықтықтан оқыту мәселесі бойынша әлеуметтік желілердегі қоғамдық ашық алаң арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізгендігін де тілге тиек етті.

Ауданда интернет желісі ұстамайтын немесе байланысы нашар ауылдар түгелдей анықталған. Тек қана телеарнадан білім алатын 400-ге жуық балаға «Еріктілер» тобына тартылған 332 адам көмек көрсететін болады. Олардың барлығына вирустан қорғану құралдары таратылған.

Аудандық «Қазақтелеком» мен «Цайфуджи» компанияларының талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша бүгінгі күні Ақдала ауылына байланыс құрылғылары орнатылып, желілер таратылған, сондай-ақ, Рысқұлов ауылына қарасты Орман шағын ауылынан қатынап оқитын 12 бала үшін де интернет мәселесі шешімін тапқан. Осындай жұмыс бүкіл аудан көлемінде жүргізілуде.

Осы уақыт аралығында түсіндірме жұмыстары әлі де жалғасуда. Талғар аудандық Call-орталықта 3 спикер, аудан бойынша 42 мектепте құрылған 42 Call-орталық ата-аналар тарапынан туындаған сауалдарға кез келген уақытта жауап беруге дайын. Сондай-ақ, "Фейсбук" желісіндегі қоғамдық ашық алаңда да білім бөлімінің мамандары тұрғындар тарапынан түскен көптеген сұрақтарға нақты жауаптар беруде. Осылайша ауданда дайындық жұмыстары толық аяқталып, оқушылар қашықтықтан оқытуға бірыңғай көшеді.

Оқушылардың мектеп формасында отыруы шарт емес. Тікелей эфирге кіре алмаған баланы анықтаған мұғалім кейін ватсап желісі арқылы тапсырмаларын беріп, оның жауабын алуға мүмкіндігі бар. Бұл орайда «Қазпоштаның» да септігі тимек.

Мектеп оқушысы түгілі, еңбектеген бала да смартфонға тәуелді мына заманда қашықтықтан оқытудың пайдасы тимесе, зияны болмас деген ой туындайды. Енді ойынның ғана қызығына кіретін балалар қолдағы компьютерлік техниканы білім алуға, өз-өзін дамытуға пайдалануға мүмкіндік молаяды.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы