ТАЛДЫҚОРҒАНДА БАҚЫТ БЕДЕЛХАННЫҢ "РУХ ЖЫРЫ" ПОЭМАСЫ САХНАЛАНДЫ

Уақыты: 06.12.2020
Оқылды: 1427
Бөлім: РУХАНИЯТ

Аймағымыздың әр өңірінде халық театрлары ашылып, шымылдығының түрілуі жылдың ең керемет оқиғасы десек, артық айтқандық болмас. Қараша айынан бері аудандық театр әртістері хас сұлудың көз жасындай мөлдір, арда өнерді жандандырып, тың туындылар сахналауда. Игі шараны Қарасай аудандық «Қарасай жастары» театры жалғады. Осыған орай Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның ғимаратында Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделханұлының «Рух жыры» поэмасының желісі бойынша «Жүректің көзі ашылса» атты поэтикалық драмасы көрерменге жол тартты.

Саф өнердің қамбасына қосылар жаңа туынды сахналанбас бұрын баспасөз мәслихаты өтті. Журналистермен болған басқосуды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова жүргізіп отырды.

Жиында Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Әлдібеков, «Қарасай жастар» театрының жетекшісі, режиссер Бағлан Қалманов поэтикалық драма жайлы ой қозғап, аудандарда ашылып жатқан театрлардың руханиятқа берер пайдасын кеңінен тарқатып айтты. Сондай-ақ, шығарма авторы Бақыт Беделхан облыстың руханиятын дамытып, өнерін өркендетіп, болашаққа бағдар болатын үлкен бағдарламалардың басында тұрған облыс әкімі Амандық Баталовқа, мәдениет басқармасы қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

– Аудандарда ашылған халық театрлары руханияттың, елдің еңсесін көтеретін күш ретінде жұмыс жасайтын тетік деп ойлаймын. Еліміздегі өзекті мәселелерді жүз рет айтқаннан бір рет сахналаса тамаша болар еді. Жергілікті халықтың ортасынан шыққан мықты тұлғалар жайлы пьеса қойып жатса керемет емес пе?! Онда мемлекеттің, ұлттың идеологиясына қосқан үлкен үлесі болар еді. Абайдың адам болу және оның жолдары дейтін негізгі ойларының астарында жазылған «Рух жыры» атты поэмам мың ақын қатысқан халықаралық бәйгеде бас жүлде алған. Соны Бағлан таңдап Абайдың ойымен астастырып «Жүректің көзі ашылса» деген тақырыппен шығарады. Жүректің көзі ашылса ғана ақиқат айтылады, нұрлы дүниеге қадам басасың, адамшылықтың жолында адаспай жүре аласың. Қазағымның жүрегінің көзі ашық болса екен деген оймен жазылған шығармамның нәтижесі қа- лай боларын алдағы уақытта көреміз. Автордың жазған дүниесін тәпсірлеп жеткізе білу режиссердің қолындағы дүние, – деп ізгі тілегін айтты.

Айта кетейік, Қарасай ауданының театры 2018 жылы құрылған. 2019 жылы Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына орай жазушы Нағашыбек Қапалбектің «Қарасай батыр» атты спектаклімен театрдың тұсауы кесілді. Бүгінде репертуарында «Қарасай батыр», «Жан шырылы», «Біз үшеу едік», «Бремен музыканттары» қойылымдары бар.

«Жүректің көзі ашылса» поэтикалық драмасында Абайдың ойлары негізінде мәңгі бітпес ақ пен қара тартысы, қаншама қиындықты бастан өткерсе де мойымаған бабаларымыздың қайсарлығы, адалдық, адамдық жолы мен ұлттық рухты ұлықтау туралы тақырыптар қозғалады. Премьера жоғары деңгейде сахналанды. Шымылдық түріле салысымен шаңырақтың бір-бір уығын ұстаған Томирис патшайым, әл-Фараби, Асанқайғы, Абай, Әлихан секілді қазақтың дана, дара тұлғаларын сомдаған әртістерді көргенде бағзы дәуірде жүргендей сезінесің. Алты қанатты киіз үйдің ғана емес, алты Алаш шаңырағының уығын тіктеген алып тұлғаларды сомдап, қазақы қоңыр ауылды елестеткен туындыдан ерекше жігер алдық.

Өмір – шахматтың ала тақтасы секілді. Ақ пен қарадан, яғни, жақсылық пен жамандықтан, адамдық пен жауыздықтан тұрады. Олар ұстара жүзінің екі қапталы тәрізді. Қойылымда да шахматтың ала тақтасы арқылы өмірдің ақ пен қара түсін айқастыра отырып, екі адамның диалогымен-ақ біреудің ала жібін аттау, ғайбат айту қазаққа жат ұғым екенін түсіндіріп, жамандыққа мат қойды. Жұртшылыққа кешегі адалдықты ту еткен даналарымызды үлгі етті. Өмірде болып жатқан өзекті мәселерді қозғап, қаншама қиындықты еңсерген қазақтың рухты халық екенін көрсетті. Басты Абай рөлін Әлішер Мұқашев, қара күш патшайымы рөлін Шынар Бержанова керемет сомдап шықты. Көңілі көкжиекпен астасқан көрермендер де алтын балықтың үйіріндей әдемі шыққан қойылымды көріп, ғажайып әсерге бөленді. Соңында сахнаға көтерілген облыстық құжаттама және архивтер басқармасының басшысы Марлен Көлбаев қарасайлықтарды құттықтап, келесі жылға аудандық халық театрларына штаттық бірліктер қарастырып жатқандығын айтты. Осыдан кейін Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова ізгі тілегін білдіріп, режиссер Бағлан Қалмановты «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.

Өз кезегінде сөз алған облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін:

– Қойылымнан өте ғажайып әсер алдым. Ерекше сезім толқынында тұрмын. Кезінде өзім де актер болғандықтан театр жаныма жақын. Спектакль «Мен баяғы менмін, үзілмеген деммін, өркені өскен елмін» деп қалай керемет аяқталды. Поэтикалық драма есіп тұр. Ең алдымен поэманың авторы Бақыт Беделханұлы бауырымды шын жүректен құттықтаймын. Дана халқымыз «Не ексең, соны орасың» дейді. Жақсы материал болмаса, жақсы пьеса, қойылым қайдан шығады?! Бақыт өзі табиғатынан рухты, сезімді, найзағайдай жарқылдаған ақын. Оның өлең шумақтары, сазды, мәнді сөздері музыкалық шығарма сияқты төгіліп тұрады. Сондықтан жаттауға, айтуға, ойнауға да жеңіл. Неге бәрі сахнада Мұқағалиды қоюға әуес? Оның өлеңдері де осындай. Ал Бақыт Мұқағали ағамыздың жерінде туған тұлпардың тұяғы. Әртістер де ерекше ойнады. Сайтанның айтқанына ермей, әзәзілдің жетегінде кетпей, қаншама қыспақ, тоқпақ болса да, қазақ халқы бүгінгі күнге жетті. Ол – қазақ елінің рухының, ар-ожданының мықтылығында. Қойылым қандай да қиындық болмасын бәрін де жеңетін жасампаз елімізді паш етті, – деп Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау сөзін оқыды.

Келесі кезекте Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова Бақыт Беделханұлына аудан әкімінің Алғыс хатын табыстап, иығына шапан жапты.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы