АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ КІТАПҚҰМАР АЗАМАТТАРЫНА ПЛАНШЕТ БЕРІЛДІ

Уақыты: 29.12.2020
Оқылды: 1158
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» байқауы өтті. Аталмыш дода Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналды. Онлайн режимде өткен байқауға 341 үміткер өтінім білдірді. Оның 245-і ғана ереже талаптарына сәйкес іріктеу кезеңіне жолдама алды. Кітап жанашырлары екенін көрсете білген, сыннан мүдірмей өткен жандар Тіл сарайында марапатталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Салтанатты шарада жеңімпаздарды Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Болат Керімбек құттықтап, асыл қазына - кітап оқудың маңыздылығын айтты. Аталмыш байқауды ұйымдастырып, өткізу идеясы қалай туындағанына тоқталды. Одан бөлек, 2021-2024 жылдарға арналған «Кітапқұмар Қазақстан» жобасын әзірленіп жатқанын жеткізді.

Кітап – адам жан-дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі, адам интеллектісінің көрінісі, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан ғылым мен өнердің, соның ішінде сөз өнерінің туындысы, ғалым мен қаламгердің жемісі. Ғабит Мүсірепов: "Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік", - деген еді. Өздеріңізге белгілі, Жетісу халқының кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ынталандыру мақсатында «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» байқауын жариялаған болатынбыз. Бұл шара қолдау тауып, мектеп оқушылары, студенттер, жастар, көнекөз қарияларымыз белсене қатысты, – деген Болат Бақбергенұлы байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанатына көшті. 

Екі кезеңнен тұрған кітапқұмарлар байқауы екі тілде өтті. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне байланысты топқа да бөлінді. Оларға таңдаған тілдеріне байланысты 5 көркем әдебиет жанрынан және 5 мотивациялық бағыттағы кітап оқыды. Мысалы, студенттер мен ересектер Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік", Әзілхан Нұршайықовтың "Ақиқат пен Аңыз", Дулат Исабековтың "Қарғын" романы мен Әбіш Кекілбаевтың "Шыңырау" шығармасын бастан аяқ жастана оқып, тест тапсырды. Орыс тілді аудитория Пауло Коэльо "Алхимик", Гай Кавасаки "Стартап" сынды кітаптарды мазмұндады.

Байқау қорытындысына сәйкес, ересектер арасында I орыннан Мөлдір Стаханова, Бақыт Мамбетова (Талдықорған қаласы) көрінсе, II орынды Аида Маметқанова, Гүлзира Ахметова (Талдықорған қаласы), Сәуле Бурунгазова, Балшекер Пірназарова (Қарасай ауданы) иеленді. Ал жүлделі III орынды Дәулеткерей Мүлік, Құрметбек Сансызбай, Айгүл Малдыкулова, Марал Ерболатова еншіледі.

Өз кезегінде студенттер мен жастар арасында I орынға ие болған жеңімпаз - Райымбек ауданының тұрғыны Гүлдана Рамазан мен талдықорғандық Арайлым Мылтықбаева болды. Ал жүлделі II орынды Ақерке Жиенқұлова (Талдықорған қаласы), Айдана Әбдіманап (Қарасай ауданы), Төрехан Ермахан (Талдықорған), Жанна Сүлейменова (Алакөл ауданы) иеленді. III орынға Әмина Сансызбай (Сарқан ауданы), Сымбат Бейбітова (Іле ауданы), Ирада Ягмурова (Талғар), Гүлбақыт Қанатова (Жамбыл) тұрақтады.

Оқушылар арасында  I орынды Талдықорған қаласы «Білім-инновация» мектеп лицейінің 10-сынып оқушысы Еркебұлан Советов пен талдықорғандық оқушы Аружан Саятова иеленді. II орынды Еңбекшіқазақ ауданы Қызылшарық ауылы М.Әуезов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Шұғыла Бектұрсын, Алакөл ауданы, Тоқжайлау орта мектебінің 10-сынып оқушысы Оразхан Аяжан, Алакөл ауданы Қабанбай ауылы О.Молдағожин атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Айгер Нұрбек, Талдықорған қаласы №18 мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы Рахимбек Асылзат иеленді. III орынға Іле ауданы Байсерке ауылы №12 орта мектептің 10-сынып оқушысы Баянсұлу Ақжігітова, Көксу ауданы №14 орта мектептің 10-сынып оқушысы Сматай Бекболат, Талғар ауданы, Бесағаш ауылындағы №29 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Бота Бекмухамбет, Талдықорған қаласы «Білім-инновация» мектеп лицейінің 9-сынып оқушысы Алдан Жұмағазы ие болды.

Жеңімпаздар қатарында мемлекеттік қызметші де болды. Солардың ішінен суырылып, оза шапқаны - Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының бас маманы Арайлым Мылтықбаева. Жас маман ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Сонымен қатар, 6 жыл Түркия мемлекетінде білім алған Арайлым Мылтықбаева байқау туралы әлеуметтік желіден көріп, бірден қатысуға шешім қабылдағанын айтты. Ол өз сөзінде:

Байқауға қатысып, жеңімпаз атанып отырмын! Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Бүгінгідей ақпараттық технологиялардың қарыштап дамыған жаһандану заманында санамыз деградацияға ұшырамау үшін, кітап оқу аса қажет. Осындай жанымызға  рухани азық болатын пайдалы кітаптарды оқытып, жақсы бастаманы көтерген «Жетісу - кітапқұмарлар өлкесі» жобасы жыл сайын жалғаса берсе екен деймін. Мен бұл байқауға қатысқан әрбір үміткер жеңімпаз дер едім. Себебі, кітап оқып, құнды ақпараттарға қанығып, жай кезде  оқуға қолымыз тие бермейтін кітаптарды оқыдық. Тізімде көрсетілген кітаптардың барлығы өте қажетті, сапалы кітаптар екені сөзсіз. Оны әрбірі оқыса екен деймін, - деді. 

Талдықорған қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Еркебұлан Советов эссе жазу талабы бойынша ең көп бет жазғандардың бірі болған екен. Ол оқыған кітаптарына берілгені соншалық, ойын талапта көрсетілген 1-2 бетке сыйғыза алмаған. 

- Мен бақыттымын! Себебі, осы байқауға қатысу арқылы ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 45 қара сөзін оқып, оның тереңіне бойлай түстім. Көп нәрсе үйрендім, біраз нәрсе бойға түйдім. Жастарды адамгершілікке, бауырмалдыққа, достыққа тәрбиелейтін «Бір атаның балалары» шығармасын оқып, тәнті болдым. Қара сөздің қас шебері Мұхтар Мағауин атамыздың бұл шығармасы ұлтқа, нәсілге бөлінудің дұрыс еместігін, адамзатқа ауызбіршілік, бауырмалдық, достықтың қажет екенін насихаттайды, - деген Еркебұлан эссесінде Абай Құнанбайұлының әр қарасөзінен түйген ойын, алған әсерін жазғанын жеткізді. 

Байқау жеңімпаздарына Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының дипломы мен электронды планшет сыйға берілді. Сондай-ақ, екінші кезеңге өткен барлық 100 қатысушыға басқарманың Алғыс хаты және бағалы кітаптар табысталды.

Меруерт КУЛШАНОВА,

Оқушылар сарайы көпшілікпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы