ҚАНАТ ТӘКЕБАЕВ "ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ ҚАЙРАТКЕРІ" АТАНДЫ

Уақыты: 30.12.2020
Оқылды: 1217
Бөлім: РУХАНИЯТ

Саналы ғұмырын қазақ баспасөзіне арнаған белгілі журналист Қанат Тәкебаевқа Қоғамдық марапаттар жөніндегі Республикалық кеңес шешімімен «Қазақ журналистикасының қайраткері» атағы мен медалі берілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Төсбелгіні Қоғамдық марапаттар жөніндегі Республикалық кеңес төрағасы, жазушы-публицист, профессор Марат Тоқашбаев тапсырып, қырық жылдан астам уақыт еліміздің баспасөзіне елеулі еңбек сіңірген қаламгер Қанат Тәкебаевтың 8-сыныпта оқып жүрген кезінде-ақ жазу-сызуға бейімдігі бар екендігін байқатып, Нарынқол аудандық радиосында еңбек еткендігін атап өтті. Сол күндерден бастап бүкіл өмірі бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты болған Қанат Тұрсынұлы Алматы облыстық қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық «Жетісу» газетінде, Қазақ радиосында, «Қазақстан-ZAMAN» апталығында қызмет етіп, қаламы қарымды, ойы ұшқыр журналист атанған.

– Журналистік шығармашылықпен 8-сыныптан айналысқан Қанат Тұрсынұлы аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хантәңірі»), республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), облыстық «Жетісу» газеті мен республикалық «Қазақстан әйелдері» журналына талапқа сай келетін хабарлама, суреттеме, очерк, фельетон жазып тұрды, – деген Марат Байділдаұлы марапат иесінің шығармашылық жолына жан-жақты тоқталды.

Жоғары сынып оқушысы Нарынқол аудандық радиохабар тарату редакциясында диктор болып жұмыс істеп жүрген жылдары ерекше көзге түскен. Аудандық газетте қызметте жүргенінде ауданның алдыңғы қатарлы шаруашылықтары, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері туралы арнаулы нөмірлер ұйымдастырып, сан-салалы мамандықтың иелері жайлы суреттемелер мен очерктер жариялаған. Облыстық газетте түрлі жанрда қалам тербеп жүргеніне 40 жыл болыпты.

Жалпы айтқанда, өзі қызмет істеген республикалық «Дала мен қала», «Қазақстан – ZAMAN» газеттері мен штаттан тыс тілшісі ретінде белсене атсалысқан «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Алматы ақшамы», «Ана тілі», «Экономика» газеттерімен қатар «Ақиқат», «Мұқағали», «Үркер», «Ақ желкен», «Ақ босаға» журналдарында жазбалары әлі жарыққа шығып тұрады. "Қырық жылдың ішінде 3 мыңнан астам мақала жазған ол «Қазақ журналистикасының қайраткері» атағына әбден лайық!" - деді Марат Тоқашбаев.

Елімізді елең-алаң күйге түсірген биылғы жылдың соңын ала осындай марапатқа  ие болған Қанат Тұрсынұлы ризашылығын білдіріп, көпшілікке алғыс айтты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"