ҚАЗАҚ РАДИОСЫНЫҢ ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ ЖЕТІСУДАН БАСТАЛДЫ

Уақыты: 08.01.2021
Оқылды: 1242
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлтының асқақ арманы жолында рухты жаныр ұлы ойларды тізбектеп, ғасыр бойы елінің рухани әлемінде өлшеусіз қызмет етіп, талай тарихи оқиғаларды құдыретті үн арқылы бедерлеген Қазақ радиосына 100 жыл толса, осынау дара даңғылда ұлы жол түзген «Шалқар» радиосының ашылғанына да 55 жыл өтіпті. Қазақ журналистикасындағы осынау ғажайып мереке, ұлттық рәуіштегі мейрам жер жаннаты Жетісу төрінде алғашқы болып шымылдығын түрді.

Ұлттың ұлы құндылықтарын дәріптеп, жоғын жоқтап, ұлық қасиеті мен салт-дәстүрін ұлықтап, қос ғасырда болған елеулі оқиғаларды тарих қойнауына енгізіп, алты Алаштың асыл арнасына айналған, елмен егіз болған қос радионың мерейтойы Талдықорған төрінен бастау алды. Алдымен, Қазақ және Шалқар радиосының ардагер журналистері мен танымал дикторлары, зиялы қауым өкілдері Журналистер үйіне ат басын бұрып, танымал журналист Бейсен Құранбектің музей-бұрышына гүл шоқтарын қойып, рухына зиярат етті.

Өз кезегінде «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктесінің директоры, белгілі тележурналист Мейрам Жанадилов, «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Сарыбаев, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев сөз алып, қос мерейтойдың куәгері болған радио журналистерін мерейлі мерекесімен құттықтады. Асқақ дауыс, мөлдір үн арқылы ұлттың рухын көтеріп, ұлы мұрадым-мұраты жолында аянбай келген арналы ұжымға мыңжылдық мерейтойды тойлайтын шаққа жетуіне тілектес екендіктерін жеткізіп, Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті. Сонымен қатар, ғасырдан астам тарихы бар «Жетісу» газетінің мерейтойлық кітабы да қасиетті Қазақ және «Шалқар» радиосы журналистеріне үлестірілді. Өз кезегінде радио журналистері Бейсен Құранбек музей-бұрышына Қазақ радиосының 90 жылдығында жарық көрген кітапты естелікке қойды.

Жетісу жерінде шымылдығы түрілген ұлт тойы Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында жалғасын тапты. Алдымен Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли сөз алды. Ол:

– Ұлттың үні болған қос радионың мерейлі мерекесі құтты болсын! Біз бала шақта қасиетті қос радионың асқақ үнін құлағымызға құйып ер жеттік. Тамырымыздағы бүлкілдеген ұлттық сезімнің жалынын күшейтуге осынау толқынды арналардың тигізген септігі мол болды. Ғасырлық шежіресі бар Қазақ радиосы мен 55 жылдық тарих түзген «Шалқар» радиосы елмен егіз жасасып, оның жайдарман жаңалықтарын ақжолтай қылып жолдап, құндылықтарын көздің қарашығындай сақтап, насихаттап келеді, – дей келе, облыстың жайдарман жаңалықтарын толқын арқылы еліміздің түкпір-түкпіріне таратып отырған қос радиоға облыс әкімі Амандық Баталовтың ықыласы ерекше екенін атап өтіп, ыстық сәлемін жеткізді.

Өз кезегінде қазір қызмет етіп жүрген радио ақсақалдары Арыс Байжанбаев, Оңғар Құралов, Қошан Мұстафа, Аманжан Еңсебайұлының иығына қазақы дәстүрмен шапан жабылды. Сонымен қатар, бірқатар радио журналистеріне облыс әкімінің және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаты тапсырылды.

Салтанатты рәсімнен кейін қоңыр үнімен қазақ халқының жүрегін жаулаған радионың ардагер журналисі Аманжан Еңсебайұлы мен «Шалқар» радиосының Алматыдағы бөлімшесінің редакторы Бақыт Жағыпарұлы сөз алып, ұлттық руханияттың текті тегершігіне айналған толқынды арна туралы тебіреністі пікірлерін ақтарды. Қос арнада саналы ғұмырын арнап, өмірден өткен тұлғалардан тартып, бүгінгі мерейтойға жеткен журналистердің қажырлы еңбек, ерен ерліктеріне дейін алғаусыз ақтара толғады. Сонымен қатар, қасиетті радио арнасының журналистиканың негізгі жүрегі екенін де атаусыз қалдырмай, өз кезегінде мерейтойға ықылас білдіріп, алғашқы салтанатын ұйымдастырған жетісулық басшыларға, жаннат мекендегі журналистер мен зиялы қауым өкілдеріне деген алғысын жеткізді.

Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаевтың бастамасымен елімізде алғашқы болып өткен Қазақ радиосы мен «Шалқар» ұлт үнінің мерейтойы облыстық Сүйінбай атындағы филармония өнерпаздары дайындаған концертке ұласты. Қазақ ән өнеріндегі інжу-маржан туындылар әуелеп, асқақ әндер тербелген, мың бұрала би биленген ғажайып мерекелік концерттің соңы жетісулық меймандос ағайынның ақ дастарқанымен түйінделді.

Сонау 1921 жылы қазақияның сол кездегі астанасы болған Орынбордан алғаш Ахмет Байтұрсынұлы қолдау көрсеткен үнжарияның мерейтойы жыл бойы ел көлемінде тойланатынын айта кеткен жөн.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы