Ұлт руханиятының тірегі   

Уақыты: 15.02.2024
Оқылды: 407

Дін – иман айнасы екені еш шүбәсіз. Осы бір қасиетті қағиданы 18 мың ғаламның жаратушысы жалғыз Аллаға деген ұлы сеніммен ұстана білу – әр мұсылман баласының басты парызы. Жасырары жоқ кешегі кеңес одағының тұсында ұмыт қалған бұл құндылық еліміз егемендік алып, еңсе тіктегеннен бері халқымызбен қайта қауышты. Осыдан соң-ақ еліміздің әр аймағында көптеген жаңа мешіттер бой көтеріп, жұрт ата-бабамыздан ұстанып келе жатқан ислам дініндегі шариғат шарттарын орындауға бет бұрды.

Осы барыста көп ұлт ірге тепкен қазақ даласына жақсының атын жамылып,  жамағатты тура жолдан тайдыруға  сұқтанған жат пиғылды діни ағымдар қара құртша қаптап, өз көздегендеріне жетуге тырысып бақты. Соның кесірінен дінге келушілер кімге сенерін білмей, кейбір бауырларымыз жат дінді насихаттаушылардың жетегінде кетті.

Осыған сәйкес соңғы жылдары елімізде дін туралы жаңа заң қабылданып, ол көптеген заңсыз діни ұйымдардың жүгенсіздігіне тосқауыл қойып, әркімнің өзінің дәстүрлі дінін ұстануына зор мүмкіндік берді.

Аталған заң ережелері аясында бүгінгі таңда тұрғындардың ақ пен қараның аражігін ажырата білуіне бағытталған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының үгіт-насихат топтары жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Бұл біріншіден, ел ертеңі саналатын жастарға тура жол нұсқаса, екіншіден, дәстүрлі ислам дінінің ізгі қасиеттері әлемдік өркениеттің негізін қалаушысы екендігін анық түсіндіреді.

Дін саласындағы мамандардың мәліметінше, қазір Жетісу облысында        Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес 258 діни ұйым мен филиалдар тіркелген. Соның ішінде дәстүрлі исламды дәріптейтін 200-ден астам мешіт, 16  орыс православие, 3 рим католик шіркеуі, 30 - протестанттық құлшылық үйі, 1 -  Ехоба куәгерлерінің ғибадатханасы   1 – Бахаи қауымдастығы  жұмыс жасауда. Осыған сәйкес,  өңірдегі діни ахуал тұрақты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы  Жетісу облысы бойынша бас имамы Керімбек Дәуітов: –  «Ислам дінінің негізі – таухид, ұраны – шыншылдық, айналасы - əділет, құндылығы – ақиқат, рухы – мейрімділіктен тұрады. Ал, біздің ұстанымыздағы сан ғасырлық тарихы бар Әбу Ханифа мазхабы адамдарды жалған қараңғылықтан сақтап, береке-бірлікке шақыратын әділ жолдың нұсқаушысы екені анық.

Өкінішке орай бүгінгі таңда осы құндылықтардың нарқын білмеген біраз адамдар бәзбіреулердің алдап-арбауына түсіп басқа бағытты ұстануда. Оларға дәстүрлі Ислам дінінің шарттарынан мағлұмат беру біздің басты міндетіміз. «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» деген. Білімді де сауатты имамдарымыз жат пиғылды ағымдардың арбауында жүрген бауырларымызды тура жолға бағыттауы тиіс.

Соңғы жылдары аймақта көптеген игі шаралар ұйыымдастырумен қатар үнемі үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп кедеді. Соның нәтижесін жұрт әрбір істің дұрыс-бұрысына көз жеткізе бастады. Мұндай шаралар бұдан былай да жалғаса береді»,  – дейді.

Талдықорған тұрғыны, зейнеткер Серікбек Балқыбекұлы ақсақалдың  пікірінше, жалпы дін мен дәстүр ұлт руханиятының тірегі. Ата-бабаларымыз аттың жалы, түйенің қомында көшпенді ғұмыр кешіп, небір тауқыметті тағдырды бастан өткерсе де, өз ана тілін, дінін, ділін көздің қарашығындай сақтап, дәстүрлі шариғат шарттарын өз деңгейінде ұстана білген. Тіпті, оны қалыптасқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызға сай ұлағатты ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауына айналдырған.

Жасырары жоқ, кешегі кеңес үкіметінің ұлтсыздандыру саясатының тұсында ұзақ жыл ұмыт қалған ислам діні елімізге егемендік алып, еңсе тіктегеннен бері қайта  жаңғыртыла бастады. Оның өзінде әлемдегі бір ғана мұсылман дінінің қақ жарылуына байланысты қарайған қауым кімге сеніп қай жолды ұстанарын  білмей дағдарды. Осылайша «Шала молла дін бұзар» демекші, осы бір ұрымтал сәтті ұтымды пайдалаған қоғамдағы кейбір жат пиғылды діни ұйымдар өз ойларын жүзеге асыру үшін  қолдарынан келгенін жасауға тырысып бақты. Соның салдарынан енді ғана ес жия бастаған жұрттың біразы кейбір бөгде дінді адамдардың жетегінде кетіп, әлдеқандай діни топтардың құрбанына айналды. Сол себепті бүгінгі ұлт болашағының кепілі саналатын қазақ жастарының кіршіксіз ислам дініне сенім артып, адаспай жол табуына қол ұшын беру әрбір мұсылман баласының ортақ борышы. 

Зиялы қауым өкілдерінің сөзінше, бүгінде жат пиғылды діни ағымдар көп. Дін атын жамылған теріс ниеттілердің мақсаты қарапайым халықтың санасын қате ұғымдармен улап, ел мен елдің, ұлт пен ұлттың арасына іріткі тудыру арқылы бейбітшілік пен тыныштықты бұзу. Қазақстан көп ұлтты басқа мемлекеттермен керегесі кең, терезесі тең. Алланың сыйға тартқан ұлан-ғайыр даласында береке-бірлігімізді сақтап бейбіт өмір кешу жалпы жұрттың арманы. Балаларымыз бен жақындарымызды өз ана тілі мен дәстүрлі дініміздің қадірін бағалай білуге бағыттасақ ұрпағымыздың адаспай тура жол табары  сөзсіз.

 

                                                 Айдын КӘЛІМХАН