ҚАЙҚЫ БАС ТӨСЕК, ОЮЛЫ САНДЫҚ. ЖЕҢІС ЫСҚАБАЙДЫҢ ҰЛТТЫҚ ШЕБЕРХАНАСЫ

Уақыты: 21.03.2022
Оқылды: 3341
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Жусан» шығармашылық орталығының жетекшісі Жеңіс Ысқабайдың ағаштан жасаған заттары кейінгі жылдары көпшілік арасында жоғары бағаланып жүр. Жетісуда ғана емес, еліміздің қиыр жайлап, шет қонған елді мекендеріне дейін жақсы таныс. Бүгінде облыс орталығы Талдықорғанда жеке шеберханасы бар шебердің қайқы бас төсек, оюлы сандық, сондай-ақ, балаларға арналған «Жорғатай», «Қуаныш-қуаныш» сынды ағаш ойыншықтары сұранысқа ие.

Ағаштан бұйым жасау, оны ойып-жонып шығу - Жеңіс Ысқабайдың бала кезінен келе жатқан сүйікті ісі. Кішкене кезінде садақ, арбалет жасап, өз ойыншығын өзі қамтамасыз еткен  бала – оқушы кезінде балтаның сабын жасап, біреуін он жұмыртқаға айырбастаған. Суретті жақсы салғандықтан қолөнер жеңіл болды.

«Тегінде бар тек жатпас». Шебердің атасы Сақбай ақсақал да өнерлі болған. Сабына еліктің сирағын қолданып, нәзік өрген қамшысының өзі қолда бар заттармен көмкеріліп, ерекшеленіп тұратын. Өз балалары да қолөнерге мықты болғанымен, соңына дейін жеткізбеді. Тек тұңғыш немересі Жеңіс Ысқабай осы істің соңына түсіп, тоғызыншы сыныптан кейін басталған қайнаған қызу жұмыстың ішінде әлі келеді.

Бүгінде жасап жүрген ағаш төсек пен сандықты алғаш осыдан бес-алты жыл бұрын музейде көріп, жаңғыртайын, жандандырайын деген ой келген. Бастапқыда төсекті сән үшін жасаймын деген еді, алайда оның денсаулыққа пайдасын, көмегін білгеннен кейін жиі жасады. Сол сияқты алғашында сандық жасау – үйдегі қарындастарына арналған сыйлықтан басталды. Кейіннен аталған заттардың бәрі кәсіпке айналды. Ал ағаш ойыншықтарды балалары дүниеге келгенде олар сапалы, қоспасыз, зиянсыз заттармен ойнасын деген мақсатта жасады.

Шебер кез келген істе көрсеткіш жақсы болуы үшін: «Әрине, бірінші кезекте ізденіс. Не пайдалы? Не сапалы? Осы сауалдар төңірегінде ұзақ ойлану керек. Содан нәтиже болады», – дейді.

Қайқы бас төсек, оюлы сандықтың бағасын бір қалыпта ұстап тұру бүгінде мүмкін емес. Бағаның тұрақсыздығын шебер Ресейден келетін ағаштармен байланыстырады. Бүгінде қақтығыс болып жатқандықтан алдағы уақытта баға екі есеге қымбаттайтындығын айтты және өз жұмысына уақытша үзіліс жариялаған. Сатып алушы тарапынан ең қымбатқа бағаланған төсек мың долларға, сандық 250 мың теңгеге сатылған. Ал көңілі толған, өнеріне риза болған сәтте өзі жасаған бұйымдарын сыйлауды дағдыға айналдырған. Бұл қасиет адамға риза болғанында жылқы атап жіберетін атасы мен әкесінен келгені хақ. Қазақтың осы бір мәрттігі көпке үлгі. Жеңіс Ысқабай жасағандарының ішінде сандық пен балаларға арналған «жорғатайға» басқаларымен салыстырғанда сұраныс көп екенін айтады.

Сандықтың бетіндегі ою-өрнекті де сүзгіден өткізе отырып, сәні мен мәніне терең үңіле жасайды. Оюдың әсемдігін бұзбай, оны созып қоса берген сайын әдемі бола түседі. Оюды баттастырмай, қабаттастырмай жасап бір-бірімен үйлесімді болуын басты назарға алады. Сандыққа қазақтың «төртеу түгел болса төбедегі келеді» мақалын ою арқылы бейнелеп, төрт адамның сұлбасын өрнектеген. Ою-өрнекті оқи алмаған жағдайда да әсем көрініп тұрады.

Шығармашылық орталық болып жеке дара жұмыс істейтін кезде атау іздеу үшін Бейсен Құранбектің үйіне келіп, сол жердегі кітаптардың ішінен «Жусан» сөзін көріп, бірден ұнатқан. Тіпті, логотипін де жедел дайындаған. Орталық 2014 жылдан бері ресми жұмыс істейді. Негізгі бағыт – өнер саласы, оның ішінде, фотография, ағаш бұйымдарын жасау, кітап шығару. Шебер алдына ақыл сұрап келіп, нақты жауап алып, үйреніп кеткендердің бәрін шәкірт санайды және әрқайсысының өз ерекшеліктері үшін бағалайды.

Болашақта Жеңіс Ысқабай туризммен айналысуды жоспарлап отыр. Қапшағайдың жағасында тиіп тұрған өзіне тиесілі азғантай жерге орталық салып, демалыс орнын ашуды көздейді. Сол жерде тұратын әкесінің қасында болып, салынатын әр үйді ертегідегідей әсемдеп, көркемдегісі келеді. Ел туризмін дамытуды ойлайды.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы