ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ БАЛАЛАРҒА МАССАЖ ЖАСАЙТЫН ЖӘНЕ ДАМЫТАТЫН ОРТАЛЫҚ АШТЫ

Уақыты: 15.02.2023
Оқылды: 1705
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жетісу облысының 750-ге жуық тұрғыны кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында өтеусіз грант алып, өз ісін ашты. Олар бизнесін бастап қана қоймай, жерлестерін тұрақты жұмыс орнымен қамтыды. Биылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша барлығы 26 851  құрылған жұмыс орнының  13 016-сы тұрақты жұмыс орны.


Текелі қаласының тұрғыны балаларға массаж жасайтын және дамытатын «Baby land» орталығын ашты. Жайна Қанатқызы бизнесін 1 225 200 теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттың көмегімен бастаған. Ол да «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алып, бизнес-жоспарын қорғап шыққан. Өткен жылдың желтоқсан айында ашылған орталықта логопед қызмет көрсетеді. Дамыту сабақтары топпен және жеке де жүргізіледі. Балаларға қажет массаждың барлық түрі жасалады. Қажет болса мұндағы мамандар бала күтушілігіне сағаттап қызмет көрсетеді. 

 – Мамандығым педагог. Балаларға арнап білім беру орталығын ашу туралы біраз ойландым. Бала күтімімен үйде отырған кезімде балама массаж терапевтінің қызметін табу біраз қиындық туғызды. Яғни, ол үшін Талдықорғанға бару керек болды. Бағасы да арзан емес. Сондықтан менің орталығымда міндетті түрде балаға массаж жасайтын қызмет көрсетілуі керек деп шештім. Мемлекеттік қолдаудың арқасында арманым орындалды, – дейді жас кәсіпкер.
Жайна Қанатқызының айтуынша, орталықта балалар массажымен 12 жыл тәжірибесі бар маман айналысады. Мұнда негізінен 1 жасқа дейінгі сәбилерді әкеледі. Егер қандай да бір медициналық көрсетілімі немесе нақты диагнозы болса, 3-тен 5 жасқа дейінгі балаларды да қабылдайды. Орта есеппен массаждың 1 сеансы 2500-3500 теңге аралығында. Кәсіпкердің өзі де балаға арналған түрлі дамыту сабағын жүргізеді. Әр топта бала саны сабақтың түрі мен мақсатына қарай 2-ден 6 балаға дейін жетеді. 

– Орталықты одан әрі кеңейту үшін бізге балалар психологы мен дефектолог қажет. Әзірге оны таба алмай отырмыз. Жалақысы шамамен 100 мың теңге. Бізде жұмыс істеуге ниеті бар адам болса, жұмыспен қамту орталығы арқылы жүгінуге болады. Көп ұзамай жақсы маман табылады деп үміттенемін. Әзірге ғимаратты жалға алып отырмыз. Оған жөндеу жұмысын жүргізіп, жабдықтар сатып алдық. 2 ай ішінде орталықтың жұмыс істейтінін жергілікті тұрғындар жақсы біле бастады. Жерлестерге бізге сенім артып, қолдау танытқандары үшін алғыс айтамыз. Біз өз ісімізге жауапкершілікпен қараймыз. Өйткені, бала денсаулығы – ең маңызды мәселе, – дейді Жайна Қанатқызы.

Текелі қаласының жұмыспен қамту орталығының директоры Жасұлан Қапалов өткен жылы Текелі қаласы бойынша кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 21 өтінім мақұлданғанын айтты. Бұл ретте жалпы сомасы 25 725 000 теңге өтеусіз грант берілген. Оның ішінде 10 грантты халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, 10 грантты жастар алған. Іске асырылған жобалардың қатарында сұлулық салоны, стоматология, балалар массажы орталығы, автоэлек- трик  қызметтері, тағы басқалары бар. Жалпы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының дерегі бойынша, Жетісу облысында 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның басқа бағыты шеңберінде өтеусіз мемлекеттік грант пен 5 млн. теңгеге дейін грант беріледі. Соның арқасында 595 млн. теңгеге 125 жоба мақұлданып, 393 жұмыс орны құрылған. 

Бұл ретте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша «Бастау бизнес» жобасы аясында барлығы 4 244 адам оқуға жіберіліп, онлайн оқуға 1512 адам бағытталған. Соның 2990-ы оқуды аяқтады, қалғаны енді бітіреді, қайтарымсыз грант алғандар саны 617 адам. Оларға жалпы 740 млн. теңге беріліп, нәтижесінде 700 жұмыс орны құрылған. Жалпы өңірде ұлттық жоба аясында биылғы 1 қаңтарға жұмыспен қамтудың түрлі шарасына 32 мыңға жуық адам тартылған, 24 мыңнан аса адам жұмысқа орналастырылған, соның ішінде 14 мыңнан аса адам тұрақты жұмысқа орналасқан. 

Атап өтсек, қазіргі кезде өңір экономикасының 41%-ы шағын және орта бизнестің үлесіне тиеді. Бұл салада аймақ халқының үштен бірі еңбек етуде. 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі