Бәрі де құрметке лайық

Уақыты: 24.09.2023
Оқылды: 1172
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қазақстанда «Еңбек күні» мерекесі ҚР Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы № 698 Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі болып белгіленгенді. Мақсат – еңбек өнімділігін ынталандыру, қарапайым жұмысшы мамандарының мәртебесін көтеру және оған жастардың назарын аудару.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында нағыз еңбек адамының кім екенін айтты.    

«Бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат», – деді. 

Сондықтан, қарапайым еңбек адамына қашанда құрмет көрсетілуі тиіс. Осы аталған басымдықты іске асыру мақсатында ҚР Үкіметі өткен жылғы 14 желтоқсандағы № 1004 қаулысымен «Қоғамда еңбек құндылығы идеологиясын ілгерілетудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітіліп, қоғамның барлық саласында тиісті іс-шаралар атқарыла бастады. Осының аясында, қыркүйектің соңғы жексенбісі – «Еңбек күні» болып бекітілді. Осыған орай Министрлік тарапынан биылғы 28 тамызда «Еңбек күнін» мерекелеу бойынша арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыс атқарылып келеді. 

Қазақстанда осы күннен бастап «Еңбек ардагері» медалі, ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі - «Қазақстанның Еңбек Ері» секілді марапаттар тағайындалды. Мұндай шешім қазақстандық қоғамдағы еңбек адамының беделін арттыру мақсатында қабылданды. Мәселен экономиканың сан түрлі саласында қызмет етіп, 40 жылдан аса ел дамуына өзіндік үлесін қосқан, сондай-ақ, кем дегенде 10 жыл бір салада тұрақты қызмет еткен, жұмыс істеген жылдары түрлі жетістікке жетіп, зейнеткерлікке шыққан кісілер «Еңбек ардагері» медалін иеленуде. Ал «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары дәрежесі тәуелсіз еліміздің экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық дамуында өлшеусіз еңбек сіңіріп, жетістіктерге жеткен азаматтарға беріліп жатыр. Бұл атақты иеленген адамдар «Алтын Жұлдыз» және «Отан» орденімен марапатталады. 

Бүгінде ел дамуы бағытында маңдай терлетіп жүрген мұндай азаматтарды еліміздің әр түкпірінен кездестіруге болады. Жетісу жерінің гүлденуіне үлес қосып келе жатқан еңбеккерлер де марапаттың түр-түріне лайық екені сөзсіз. Сондықтан еңбек адамның орны қашанда төр болмақ. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Фото: көрнекілікке алынды