ҚЫЛҚАЛАМНЫҢ ҚУАТЫ

Уақыты: 21.10.2023
Оқылды: 2221
Бөлім: ОН САУСАҚ

Талдықорғанда суретті сөйлете білген қылқалам шебері Байтұрсын Өмірбековтің «Ұрпаққа мұра» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Ресей Көркемсурет академиясының құрметті академигі, профессор өзінің 50 картинасын «Көркем-өнер» галереясында көпшіліктің назарына ұсынып, халық ілтипатына бөленді.

Байтұрсын Өмірбеков Панфилов ауданының тумасы. Кешегі Әбілхан Қастеевтердің ізін жалғастырып жүрген елге танымал суретші. Қазір жүзден аса ірілі-кіші  шығармасы бар. Өнертанушылар оның туындыларын жансызға жан береді деп бағалайды. 

Көрмеге суретшінің 50-ден астам әртүрлі жанрдағы туындылары қойылды. Портреттер мен пейзаждар «Көркемөнер» галереясының қабырғаларына өң бергендей болды. Сондай-ақ, шығармалардың авторы өзінің «Сарыөзек – 1985» деп аталатын картинасын  көрме қорына тарту етті. Суретте кеңес өкіметінің солақай  саясаттарының  кейбір тұстары бейнелеген. Дәлірек айтқанда Күреңбелдегі полигонға назар аударылыпты. 

Өз кезегінде осы шығарма бойынша Байтұрсын Өмірбек: 

– Кеңес дәуірінде 1985 жылы  Сарыөзекке келіп анау соғыс қаруы, түрлі жарылғыш заттарды сынақтан өткізді. Сонда жоғарыдағылар мұнда ел-жұрт тұрады деп ойламайтын. Сол біздің жанымызға бататын. Соны мен мына жастарға айтып, естеріңде болсын деп жеткізгім келді. Сол себепті осы галереяда да аталған туындым тұру керек деп ойла-дым, – деп өз ойын білдірді.

Байтұрсын Өмірбековтің туындыларын бейнелеу орталығынан бір ай  бойы тамашалауға болады. Галерея есігі қала тұрғындары мен қонақтары үшін әрдайым ашық.

Айғаным АЙТМҰХАН