САУМАЛМЕН ЕМДЕЙДІ

Уақыты: 14.08.2019
Оқылды: 1628
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қарабұлақ ауылының етек жағында «Береке» атты саумалмен емдейтін демалыс орны жұмыс істейді. Тегінде Қарабұлақ өңірі – жасыл шыршасы, бұрқыраған аршасы, таңғажайып табиғаты сән берген, әр берген таулы өңір. Әйгілі Көлсай көлдеріне баратын күрежолдың бойына орналасқан. Таудан төмен құлай ағып жататын мөп-мөлдір бұлақтарын, жасыл құрақтарын айтсаңшы?! 

Ауылдың етек жағындағы «Диірмен» деп аталатын жердегі саумалмен емдейтін демалыс орнының ашылғанына 5 жыл болды. Оның иелері ерлі-зайыпты Бақытжан мен Ұлдай Алдиярбаевтар.  Бақытжанның мамандығы агроном. Білімді, еңбекқор азамат шаруашылықтар тараған соң 1992 жылдан бастап осы өңірден 16 гектар жер алып шаруа қожалығының іргесін кеңіте бастапты.
Қазіргі жағдайлары жаман емес. Ауылдан бір шақырымдай ғана жердегі демалыс орнында жиырма адамның апталап саумалмен алаңсыз емделіп қайтуларына мүмкіндік бар. Ерлі-зайыпты еңбекқор жандар демалыс орнының айналасына түрлі жеміс ағаштарын өсірген. Алма, қара өрік, сары өрік, қырғыздың қарақаты жайқалып тұр. Екі таудың аңғарына орналасқан демалыс орнына тамаша таза ауа тән. Ынта-ықыласын құлатқандар бір уақ өзен жағалап балық аулауға болады. 
– Өткен жылы «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, арнайы оқыту курстарынан өттім. Қолға алған шаруамның іргесін кеңіту үшін облыс әкімінің грантына қатыстым. Сөйтіп, 2 миллион теңге грантты ұтып алдық. Бұл бізге үлкен жақсылық болды. Жаңадан 10 адамға арналған демалыс орнын салдық. Қонақүйге арналған құрал-жабдықтар алуға қол жеткіздік. Мұнда келушілерге барлық жағдай жасалған, – дейді «Береке» саумалмен емдейтін демалыс орны иелерінің бірі Ұлдай Алдиярбаева.
Демалыс орнына жарық түсірілген. Теледидар жұмыс істеп тұр. Моншасы бар. Тал-терегі, жасыл құрағы, тау өзені көрік берген өңірдің таңғы салқын саумал таза ауасы да демалушылардың жанын емдеп жатады. 
Бақытжан жетекшілік ететін «Береке» шаруа қожалығының үйірлі жылқысы, табынды ірі қарасы, қой-ешкісі бар. Жатып демалушыларға қажетті құрт, сары май, дәмді маңыз бен ірімшік, бәрі-бәрі осында дайындалады. Мұнда жұмыс таңғы 5-тен басталып, түннің бір уағына дейін жалғасып жатады. Демалыс орнына жақын жерде 10 бие байлаулы тұр. Қымыз иісі бұрқыраған орынға арнайы келіп қымыз ішіп, қайтатындар аз емес. Белді көмекшілері Бағландай ұлдары мен Перизаттай келіндері. Бәрі бесаспап. 
Не дейік, ұлттық сусынымызды ұлықтаған, саумалдың емдік қасиетіне демалушыларының көзін жеткізіп, алғыстарын арқалап келе жатқан Бақытжан мен Ұлдайдың жүргізіп келе жатқан игілікті шаруалары жемісті де өрісті бола берсін! 3 ұл өсіріп, қанаттандырған олар 9 немере сүйіп отыр. Жақсылықтары алда.

Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы