Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

КЕГЕН АУДАНЫ: ОТЫЗҒА ТАРТА ОТБАСЫ БИДАЙ ӨСІРЕДІ

Уақыты: 05.09.2019
Оқылды: 175

Бөлексаз ауылында отызға тарта отбасы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, соңғы 4-5 жылдан бері дән егіп, арпа мен бидай өсіріп келеді. Еккен дәндері өтеусіз емес. Жыл сайын әр отбасы қамбаларын дәнге толтырып жатыр.

Биыл да алтын орақ науқаны сәтімен басталды. Еңбекшіқазақ ауданынан қос комбайн көмекке келіпті. Диқандардың ісіне дем бергендей ауа райы қолайлы мінез танытып, аспаннан ару күн шуағын шашып тұр. Ақ бидайлы алқапта болдық. Біркелкі шыққан дәнді дақыл көз қуантады. Бөлексаз ауылының етек жағында Қарқара өзенінің жағасында 150 гектар жаздық арпа мен 50 гектар жаздық бидай орылуда. Әр гектарға шаққанда 25-30 центнерден дән жөнелтілуде. Бұл жаман көрсеткіш емес. Түсім мол, диқандардың еңбектері ақталуда.

– Астық ору науқанын жуырда толығымен аяқтайтын боламыз. Биылғы өнім жаман емес. Үмітіміз ақталды. Ауылдық округ бойынша биыл 10 мың тонна шөп дайындау жоспарланған. Қазіргі таңда мал азығының дені дайындалды. Округтегі төрт түлік мал шөп пен жемнен қысылмай шығады деген үмітіміз мол, – дейді Бөлексаз ауылдық округінің әкімі Жасұлан Өмірзақов.

Айтса-айтқандай, отызға тарта отбасы соның жемісін көріп отыр. Осы тұста, бірлесіп еңбектеніп, игілігін асырған Бұршақбай Белеков, Бәзілжан Иманбеков, Нұрдәулет Жексенбиев, Самат Әлімғожаев секілді азаматтардың еселі еңбегін айта кеткен жөн.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы