Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҰЗЫНАҒАШ ТҰРҒЫНДАРЫ "МЕКТЕПКЕ ЖОЛ" АКЦИЯСЫНА БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСУДА

Уақыты: 06.08.2022
Оқылды: 880

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді қазақ. Жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет.

Ұзынағаш ауылындағы орта мектеп ұжымы мен ата-аналар «Бір үй аш болса, бір ауыл аш, бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш» дегенді назардан тыс қалдырмай, ізгі амалды болашақ жас ұрпаққа дәріптеуде.

Бұл мектепте 2021-2022 оқу жылында көптеген қайырымдылық іс-шаралары өткізілді. «Қайырымдылық – жүректен» атты 6-10 сыныптар арасында өткен қайырымдылық жәрмеңкесінде оқушылар үйінен тәттілер дайындап әкеліп, мектеп асханасында санитарлық талаптарды сақтай отырып сатып, одан түскен қаржыға 4 және 6 сынып оқушыларына қыстық етік алып берді. Сонымен қатар, мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Қуаныш Бейсембаев кеңес мүшелерімен бірігіп, 10 отбасыға тәттілер сыйлап, екі оқушыға қыстық етік алып берген болатын. Мектеп асханасының меңгерушісі де жыл басында 10 отбасыға тәттілер ұсынып, бір отбасыға азық-түлік  және көмірмен қарайласты.

Ал алғыс айту күніне орай өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі және әлеуметтік педагог аз қамтылған отбасына азық-түлікпен көмек көрсетті. Аудан тұрғыны Ернар Батырбекұлына көмек көрсету мақсатында мектеп президенті мен өзін-өзі басқару ұйымының ұйымдастыруымен Ернарға көмек жәрмеңкесі өткізіліп, түскен қаржыны анасына табыстады. Мектеп ұжымы да қайырымдылық жасаудан сырт қалмай, әр мереке сайын көмек қолын созуда. Атап айтқанда,  Балаларды қорғау күніне орай 10 отбасыға тәтті себеттер сыйлады.

Барлық іс-шараның демеушілеріне алғыс білдірген мектеп басшылығы қайырымдылық жасау – қанымызда бар қасиет екенін алдымыздағы жаңа оқу жылында да көрсететіндеріне сенімді. Оның алғашқы қадамы жасалды да. Жуырда кәсіпкер ата-аналар 20 оқушыны жаңа оқу жылына толық киіндіріп, оған қоса сөмке мен мектеп құралдарын алып берді.

Серік ӘШІМБЕКҰЛЫ

Жамбыл ауданы,

Алматы облысы