Меценат ауылдық ауруханаға жедел жәрдем көлігін сыйға тартты

Уақыты: 28.12.2023
Оқылды: 668

Алакөл ауданының тумасы Жыланды ауылының дәрігерлік амбулаториясына өз қаражатына жаңа жедел жәрдем машинасын сатып алып берді.

Алакөл ауданы әкімдігінің мәліметінше, бұл мақсатқа меценат, жергілікті кәсіпкер Ержан Әбдірахманов 11 млн. теңге жұмсаған.

Ауыл тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтаған аудан әкімі Алмас Әбдинов:

«Биыл аудан кәсіпкерлері осымен екінші Жедел жәрдем сатып әперді. Бұған дейін меценат Қанат Белбеуов Үшбұлақ ауылдық округіне жедел жәрдем алып берген еді. Жақсы дәстүрдің жалғасты болғанына қуаныштымыз», - деді.

Енді арнайы автокөлігі бар, 1656 тұрғын мекендейтін Жыланды ауылдық округінде медициналық көмек көрсету сапасы жақсарып, науқастарды тасымалдау жылдам әрі ыңғайлы болмақ. Бұл - пациенттерге де, дәрігерлерге де едәуір көмек.

Ауылдық дәрігерлік амбулаторияның балалар дәрігері Мадина Баева ауылда ұзақ жылдан бері жедел жәрдем көлігі болмағанын айтады. Сондықтан бұл жаңалық - тұрғындар үшін ерекше сый болған.

Жаңа жыл қарсаңындағы тағы бір игі жаңалық - Панфилов ауданындағы Ақарал және Ақкент ауылдарында қажетті құралармен жабдықталған 2 жаңа блок-модульдік медициналық пункт пайдалануға берілді. Осы мақсатқа бюджеттен 100 млн. теңге бөлінді.

Панфилов ауданы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, Ақарал ауылында бұған дейін медициналық пункт үшін үй-жайды орталық аудандық аурухана жалға алып келген болса, Ақкент ауылындағы медициналық кешен ескі ғимаратта халыққа қызмет көрсеткен.

«Жалпы аудан бойынша медицина саласында көптеген жұмыстар атқарылуда. Келер жылы аудан ауылдарында 6 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 5 дәрігерлік амбулатория салынып, Жаркент қаласындағы перезентханаға күрделі жөндеу жүргізіледі. Біз жылды жаңа нысандарды жұрттың игілігіне беріп, қортындылап жатырмыз. Бұл жыл бойғы атқарған жұмыстарымыздың жемісі деуге болады», - деді аудан әкімі Марат Сағымбек өз құттықтауында.  

Атап өтсек, медициналық нысандардың құрылыс жұмыстарын «Ағаш-Темір-бетон-Сервис» ЖШС мердігерлік ұйымы атқарды. Екі медпункттің құрылысы осы жылдың тамыз айында басталып, әрқайсысына 50 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Олардың әрқайсысының жалпы ауданы - 108 шаршы метр.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді Алакөл, Панфилов аудандарының әкімдіктері ұсынды.