ҒАЛАМНЫҢ ҒАСЫР АДАМЫ

Уақыты: 12.01.2024
Оқылды: 720

Қазақ жұртының тізгінін ұстап, халық жүрегінен мәңгілік орын алған, елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтқысыз еңбек еткен қазақтың мақтан тұтар перзенті, аяулы ұлы Дінмұхамед Қонаевтың туған күніне орай еске алу шарасы өтті.

Өткенді санадан өткізіп, бүгінгіні саралап, болашаққа жол ашып, ұлы тұлғаларымыздың ұлағатты, ерлікке толы жолдарын әспеттеу үлкен құрмет. Шежірелі тарихымызға есімі алтын әріптермен жазылған алып тұлғаның игі істері мәңгі халық жадында. Тәуелсіздік жолында жан алысып, жан беріскен азаматтардың бірі де бірегейі осы Димекең еді. Ол халқы үшін аянбай тер төксе, елі де оны дәл солай ұлықтап, биікке көтеруде.

Қала тұрғындары Талдықорғанның төріндегі ескерткіштің алдына келіп, ғасырда дүниеге бір келетін, Алатаудай алып тұлғаны еске алды. Сондай-ақ, жиында өскелең ұрпақ аңыз адамға деген өлең шумақтарын арнап, зиялы қауым өкілдері нар тұлға жайлы естеліктерімен бөлісті.

Аталмыш шарада Талдықорған қалалық мәслихат хатшысы Темірболат Ахажановқа сөз берілді:

­­         – Қазақ халқының біртуар азаматын еске алғанда, еліміздің өркендеуіне үлес қосқаны, мәдениеттілігі, адалдығы мен адамдығын ескерер болсақ, одан асқан қарапайым басшы болмағанын ұғынамыз. Ұлт тарихын зерделеуде артында қалған мұрасы мен келелі ой тұжырымдарын зерттеп жеткізу, ұлт перзенттерін ұлықтау біз үшін абыройлы парыз. Дана халқымыздың дара перзенті Дінмұхамед Ахметұлы ел үшін туған ер еді. Аянбай қызмет етіп, адалдық пен шындықты ту еткен, қазақтың еңсесінің көтерілуіне елеулі еңбек сіңірген жанның бейнесі жылдар өтсе де әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталмақ.

 

         Айғаным АЙТМҰХАН

Фото: Д. ЕРОФЕЕВ