ЕРЛІК ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Уақыты: 17.02.2024
Оқылды: 419

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл. Осыған байланысты Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ел боздақтарын еске алуға арналған шара өтті.


Шараға облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева  және аудандардан келген ардагерлер, әскери сарбаздар, оқушылар қатысты. Жиналған жұртшылық алдымен Мәңгілік алауға және  Ауған соғысының ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады. 

Жиында Гүлнар Қожағұлқызы:
– Сол бір қасіретті жылдардың аяқталғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де талай шаңырақтағы орны толмас қайғының ізі, жүректегі жараның орны әлі жазылған жоқ. Қазақ жерінен Ауған соғысына 22 мың азамат аттанып, оның 930-ы ұрыс даласында көз жұмды. Тағы 21 жауынгер хабар-ошарсыз кетті. Жетісу жерінен қатысқандардың ішінде бүгінде 656 ардагердің арамызда жүргенін біз мақтан тұтамыз. Ауған соғысының жауынгерлері Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеумен қатар қайсарлық пен қажырлылықтың үлгісін көрсетті. Ауған жеріндегі қарулы қақтығыста мерт болғандардың алдында тағзым етіп, арамызда жүрген өздеріңізге құрметіміз ерекше, – дей келе ардагерлерді «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл» медалімен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. 

Осыдан кейін қалалық мәслихат депутаты Шалқар Оразбаев, облыстық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Бауыржан Барлыбаев сөз алып, ардагерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын айтты.

Иә, сол кездері Отан алдында адал қызмет атқарып, сұрапыл соғыста қаһармандық танытқан ардагерлерге құрмет көрсету болашақ ұрпақтың борышы.
Жиын соңы ардагерлерге арналған мерекелік концертке ұласты.

Айдар ҚАЛИЕВ