ТАЛҒАРДА 16 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗ ЖОҒАЛЫП КЕТІП, БІР КҮННЕН КЕЙІН ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 30.01.2021
Оқылды: 1194
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар ауданының тәртіп сақшылары мектептен шығып, үйіне оралмаған жасөспірімді іздеп тапты. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Талғар ауданының 50 жастағы тұрғыны 25 қаңтар күні түнде полицияға телефон шалып, таңертең мектепке кеткен 16 жастағы қызының үйіне оралмағанын хабарлаған. Перзентінің қайда екенін білмеген ана түнге дейін оралатын шығар деген үмітпен күткенін, алайда кәмелетке толмаған қызынан хабар ала алмағанын айтқан.

- Жасөспірімді іздеу жұмыстарына полицияның жеке құрамы толығымен жұмылдырылды. Қыздың мектептегі сабақтан ерте сұранып кеткені, бірақ үйге бармағаны белгілі болды. Қыздың мекенжайын анықтау шараларына полициямен қатар мектеп мұғалімдері, еріктілер мен туыстары қатысты. Іздеудегі қыз 26 қаңтарда түнде қала көшесінде келе жатқан жерінен аман-есен табылды. Жергілікті полицейлер осы уақыт аралығында жасөспірімнің қайда болғанын анықтауда, - деді Талғар аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Нұржан Күнтүнов.

Тексеру барысында жасөспіріммен және оның анасымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, үйден кетіп қалудың соңы жақсылыққа апармайтыны айтылды. Ювеналды полицейлер бойжетіп қалған аруды арнайы есепке алды.

Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған жасөспіріммен психологтар тиісті жұмыс жүргізуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан