МАТАЙ АУЫЛЫНЫҢ МАҢЫНДА БЕС АДАМ ҚАР ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛЫП ҚОЙДЫ

Уақыты: 30.01.2021
Оқылды: 746
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында қалың қардың құрсауынан 5 адам құтқарылды. Олар Матай ауылының маңында жолда қалған. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Өткен тәулікте Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті күшімен адамдарды құтқару бойынша жұмыстар ұйымдастырылды. Авариялық-құтқару операциясы Сарқан ауданында Матай ауылынан 40 шақырым жерде жүргізілді, онда келіп түскен ақпаратқа сәйкес, кешкі сағат 17.40-та жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойған. Автокөлік ішінде болған 5 азамат эвакуацияға мұқтаж болды.

Түнгі сағат 24.00-шамасында Алматы облысы ТЖД 4 қызметкері 1 бірлік техниканың көмегімен жоғарыда аталған аймақта қалған барлық азаматты Матай ауылына эвакуациялады, олардың ешқайсысы медициналық көмекке мұқтаж болмады.

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті азаматтардан елді мекеннен шыққан кезде сақтық ережелерін ұстануды сұрайды. Алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамымен танысу, автокөліктің техникалық жай-күйінің дұрыстығына көз жеткізу, қысыл-таяң жағдайда сізге көмектесетін барлық қажетті заттарды өзіңізбен бірге алып жүру қажет. "Дәрмен" мобильді қосымшасы сізге жолдардың жабылуы және дауылды ескерту туралы хабардар болуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ақпарат құралдарындағы ауа райына қатысты материалдарға назар аударып жүруді өтінеміз. Құтқару қызметінің бірыңғай телефоны 112 екенін естеріңізге саламыз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"