МАЛ ҚЫРЫЛЫП, ЖАҒЫМСЫЗ ИІС ЖАЙЛАҒАН АУЫЛ: БӨЛЕКСАЗДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ

Уақыты: 30.01.2021
Оқылды: 1200
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Осы аптадағы ақпарат құралдары Кеген ауданындағы Бөлексаз ауылы тұрғындарының жанайқайын арқау етті. Онда негізінен ауылдың іргесінен жер алып, соған мал бордақылау алаңын салып, соңғы 5 жылдан бері жұмыстарын жүргізіп келе жатқан «Meat Processinq and Service» ЖШС-дегі ірі қара малының қырылып жатқаны бітеу жараның аузын ашқандай болды. Аталған мәселеге «Жетісу» газеті де араласып, журналистік зерттеу жасап көрді.

Қаңтар айының ішінде аталған серіктестіктің 53 бас малы өлген. Оны зерттеген Қабыл Төкенов басқаратын Кеген аудандық ветеринариялық станция мамандары кеселдің пастереллез бен қарасан екенін анықтады.

Олардың айтуынша қырылған малдың қалдығы арнайы орынға апарылып, өртелген. Аяқ асты бірінен кейін бірі өлген 34 басты да өз беттерінше көміп тастаған. Бір сөзбен айтқанда, ірі қарада кездесетін жұқпалы ауру болғандықтан мамандар сақтық шараларын мықтап қолға алған.

Аталған серіктестіктің мал бордақылау алаңы карантинге жабылды. Оның сыртында бүгінде аудандық ветеринариялық пункттері бар ветеринариялық станцияның мамандары Бөлексаз ауылындағы ірі қара малдарын жұқпалы дерттен сақтау үшін емдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Біз Бөлексаз ауылында болдық. Рас, осыдан бірер жыл бұрын Бөлексаз орта мектебі күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңғырып, жайнады. Сол тұста жадыраған мамыр айында мектепте болғанымыз бар. Сол кезде терезенің желдеткішін аштым. Бірден жайсыз иісті сезіндім.

Бұл не деген сұрағыма: «Міне, мынау ауылдың шетіне қоныс тепткен мал бордақылу алаңының дүниесі», - деді ондағы ұстаздар қауымы. Сондықтан, мектептің терезесін ашпайды екен. Дәл осы орынды аталған серіктестік 2015 жылы алып, мал бордақылау алаңын салған. Сол тұстағы аудан әкімі Ж.Тәжиев өңірде 3 мың бастық мал бордақылау алаңы ашылды, жап-жақсы ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылды деп мәртебелі қонақтар келгенде соны алға тартып, көрсетіп жүрді.

Дегенмен, бұл бордақылау алаңының журналистерге есігі жабық болды. Жоғарыдан рұқсат болмаса, ешкімді жолатпайтын.

- Бұлар бордақылау алаңының ішінен терең шұңқыр қазып алып, өлген малды сонда қимен бетін жауып көме берген. Ол жерде ауыл тұрғындарынан 3 адам ғана жұмыс істейді. 3 өзбек бар. Естуімізше, мал қаңтардың бас кезінен бастап қырыла бастаған. Іштеріндегі өлексе тастайтын орындары толған соң ауыл тұрғындарының малдың өлексесін тастайтын арнайы орнына барып төге бастаған. Осыны көріп қалған ауыл тұрғындары орынды дабыл қақты. Журналистерді шақырды. Шын мәнінде, көктем шыққаннан кейін ауылымызды жайсыз, мал өлексесінің иісі жаулап алады. Келген қонақтан ұяламыз. Таң атып, күн шыға бастаған тып-тыныш сәтте иіс айқын сезіліп тұрады. Алғашқы бір-екі жылда онша білінген жоқ. Соңғы жылдары осы иістен арыла алмай-ақ қойдық. Мыңнан аса малын қысы-жазы ашық алаңда бордақылайды. Қыстың суығында, қар мен жаңбырдың астында қандай мал семіреді? Сондай жағдайда тұрған мал ауырмағанда қайтеді? Біз ірі қараның жұқпалы ауруы, күлімсі иісі малдан бөлек адамдарға, балаларға ауру жұқтырып кете ме деп алаңдаймыз. Басты талабымыз біреу: мал бордақылау алаңынының орнын ауыстырсын. Басқа айтарымыз жоқ, - дейді біз жолықтырған ауыл тұрғындары Азат Ынтыбаев, Болатхан Маңғышев, Серікбол Ысқақов секілді азаматтар.

Ауыл тұрғындарының талабы осындай.

Аталған мәселеге Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов назар аударып, қажетті жұмыстар жүргізуді қолға алды.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы