ЖАДЫҢЫЗДА ҰСТАҢЫЗ: ГАЗ ЖАРЫЛЫСЫН БОЛДЫРМАС ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Уақыты: 04.02.2021
Оқылды: 1243
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көп жағдайда адамдар қарапайым өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтамағанның салдарынан газдан уланады. Осыған орай, Талдықорған қаласының тұрмыста газды пайдаланатын тұрғындарынан өртті және жарылысты болдырмау үшін төтенше жағдайдың алдын алуға көмектесетін ережелерді сақтауын сұраймыз.

Үйде жиналған газды тұтату үшін бір ұшқын жеткілікті. Бұл сөзсіз жарылысты, содан кейін өртті тудырады. Егер үйіңізде газдың иісі шықса барлық терезе мен есіктерді ашып, бөлмені мұқият желдетіңіз. Осыдан кейін бөлмеден шығып, газдың иісі толығымен жойылғанша оған кірмеңіз. Ал егер ол жоғалмаса, дереу 104 телефоны бойынша газ желісінің авариялық қызметіне қоңырау шалыңыз. Улы газдан сақтану үшін төмендегі ережелерді қатаң сақтаңыз:

– Газ аспаптарының түтіндік және ауа желдеткіштерінің қалыпты жұмысын қадағалау;

– Газды пайдаланып болғаннан кейін газ аспаптарын және оның алдындағы крандарды жабу. Ал баллондарды асүйлердің ішіне орналастырған кезде жанындағы вентильдерді қосымша жабу. Газ жабдығының ақауы кезінде инспекция қызметкерлерін шақыру;

– Жертөлелерге кірер алдында, жарықты қосқанға және отты тұтатқанға дейін газ иісінің жоқтығына көз жеткізу; газ беру кенеттен тоқтаған кезде газ аспаптары крандарын дереу жабу қажет.

Газ құбырлары мен газ жабдықтарын тексеру және жөндеу үшін газ инспекциясы қызметкерлері үйге қызметтік куәліктерін көрсету бойынша жіберіледі.

Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы тұрмыста газды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін мүлтіксіз орындау қажеттігі туралы еске салады.

Ержан ӘДІЛХАНОВ,

Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері,

азаматтық қорғау аға лейтенанты

Талдықорған қаласы

Алматы облысы