АЛАКӨЛ МАҢЫ ҮШ МЕТРЛІК ТОЛҚЫНҒА ТӨТЕП БЕРЕТІН ҚОРҒАНЫСПЕН БЕКІТІЛЕДІ

Уақыты: 04.02.2021
Оқылды: 1298
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алакөлде былтыр басталған жағалауды бекіту жұмыстарын биыл аяқтау көзделіп отыр. Соның нәтижесінде Алакөл жағалауы ұзындығы 13,55 шақырым болатын қорғаныс құрылысымен бекемдене түспек. Оның 10,150 шақырымы Ақши, 3,4 шақырым Көктұма жағынан орнатылуда. Жағалаудағы қорғаныс дамбысы 3 метрлік толқынға төтеп береді. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлады.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметіне сүйенсек, көлдің литодинамикалық жүйесін сақтай отырып, жағалаудың одан әрі бұзылуын болдырмау және осы аумақтың рекреациялық тартымдылығын арттыру және Ақши мен Көктұмадағы ғимараттар мен құрылыстарды пайдалану кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Алакөл көлі бөгетінің құрылыс жобасы жүзеге асырылады. Жобаны іске асыру өз кезегінде жасанды жағажайлар құру арқылы жағалауларды қорғауға мүмкіндік береді. Ал жаяу жүргіншілер жағалауының құрылысы Ақши мен Көктұма аумағында орналасқан демалыс аймақтарының рекреациялық әлеуеті мен тартымдылығын айтарлықтай жақсарта түспек. Бұл өз кезегінде аймақтың экономикалық дамуына ықпал етеді.

Жағалаудағы қорғаныс бөгеті 3 метр биіктіктегі толқындарға төтеп беруге лайықталған, бұл жасанды бөгет малтатас жағажайының қалыптастыруына байланысты жасалған. Жасанды малтатас жағажайы жағалау аймағында табиғи су алмасуды сақтауға ықпал етеді, су өзінің тазалығы мен мөлдірлігін сақтайды.

Атап өтсек, іске асырылып жатқан жоба «Қоршаған ортаны қорғау объектілерін дамыту» бюджеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны 6,8 млрд.теңге.

Алакөл аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, айдынды Алакөлде 264 демалыс орны жұмыс істейді. Олар күніне 23 мыңнан астам туристі қабылдап, қызмет көрсетуге қауқарлы. Мәселен, өткен жылы Алакөл жағалауында саябақ пен жағажай волейболы, футбол және үлкен теннис алаңдары жасалып, қолданысқа берілген еді. Сол сияқты, кең көлемді амфитеатр салынып, субұрқақ іске қосылған. Жалпы 2020 жылы көл жағалауында демалушыларға 4 млрд. 790 млн. теңгенің қызметі көрсетілген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"