ЕГІСТІК АЛҚАБЫНДА ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАҢЫЗ: АҒА КАПИТАННЫҢ ЕСКЕРТПЕСІ

Уақыты: 04.08.2021
Оқылды: 1581
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Астық жинау орындарында адамдар жұмыс істеген кезде қарапайым өрт қауіпсіздігі ережесіне көңіл бөлу қажет. Яғни, адамдардың немқұрайдылығынан зардап шекпеуіміз керек.

Мәселен, кейбіреулер темекі тұқылын шала өшіріп, тастай салады, тағы бірі техникалардың отқағарының бар болуына да көңіл бөлмеуі мүмкін. Мұндай шалағайлыққа тілсіз жау жанашырлықпен қарамайды.

Егін алқаптарында техниканы жөндеуден өткізетін жағдайлар да кездеседі. Алқап басында дәнекерлеу жұмысы да жүргізілуі мүмкін, бірақ мұның бәрі өртке қауіпті.

Егістік айналасына өрт қауіпсіздігі жолағы тартылуы керек және оны қайталап жыртып тұру керек. Өйткені, жыртылған жерге қайта шөп өсіп, дала өрттері болған жағдайда егістікті өрт шарпып кетуі мүмкін.

Науқаннан жиған-терген астықты сақтау орындарында да өрт қауіпсіздігі ережесіне көңіл бөлген жөн. Бұл үшін астық сақтау қоймаларын алғашқы өрт сөндіру құралдарымен жабдықтап, электр жүйелерінен өрт шықпас үшін оны қатаң қадағалап, жөндеп отыру керек. Сонда ғана өрттің алдын алуға болады.

М.ИМАНБЕКОВ,

Панфилов аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғаныстың аға капитаны

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды