ТАЛҒАРДА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙДЕН ӨРТ ШЫҒЫП, 8 АДАМ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Уақыты: 06.08.2021
Оқылды: 1198
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғарда өрт шығып, сегіз адам құтқарылды. Оның 6-уы бала. Бұл жайында "Жетісу" газеті Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

2021 жылғы 5 тамызда Талғар қаласында 4 қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің бірінде өрт шықты.

Өрт туралы хабарлама сағат 14.43-те келіп түсті. Өрт сөндіру бөлімшелері шақыру орнына белгіленген нормативтік уақытта келіп жетті. Сағат 14:51-де келген сәтте пәтердің терезесінен ашық оттың жалыны көрінді, сондай-ақ, барлау жүргізу барысында ғимараттың конструктивтік ерекшеліктері, дәлізді жоспарлауына байланысты тұрғындарды эвакуациялау жолдары қаралды. Нәтижесінде, ол жолдар қою түтіннен анық көрінбеген, оның үстіне жоғары температурадан жақындау мүмкін болмады. Өрттің шарпуы көршілердің өмірі мен денсаулығына да қауіп төндірді. Өрт көрші пәтерлер мен ғимараттың шатырына ауысу қатері туындады.

Талғар қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің және Талғар ауданы ТЖБ қызметкерлері бір мезгілде өртті сөндіре отырып, адамдарды құтқару және эвакуациялау бойынша жұмысты дереу ұйымдастырды.

Қабылданған жедел шаралармен 8 адам, оның ішінде, 6 бала құтқарылды. Өрт сағат 15.12-де өшірілді, жалпы ауданы 24 шаршы метрге жайылды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт ғимарат шатырына және көрші пәтерлерге таралмады. Өрттің алдын ала шығу себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуы болуы мүмкін.

Алматы облысы ТЖД азаматтарды электрлі тұрмыс құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға және оларды қараусыз қалдырмауға шақырады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"