ҚҰРЫШ БІЛЕКТІҢ ҚҰДІРЕТІ: ОБЛЫСТАҒЫ ЕҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫ

Уақыты: 08.08.2021
Оқылды: 1149
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Жаман жұмыс болмайды, жаман жұмысшы болады» дейтін мектептегі ұстаздарымыз. Әлбетте, мамандықтың бәрі бағалы. Алайда өзі қалаған мамандығын жан-тәнімен түйсініп, оның қиындығына төзе білгендер ғана белгілі нәтижеге жетеді. Сол қатарда құрылысшы мамандығын жанына серік еткен жандарға ерекше ризашылық білдіруге болады. Себебі, кейінгі жылдары мемлекеттік бағдарламаларды табысты іске асырудың арқасында облыс экономикасы нығайып, инфрақұрылым жақсарды. Облыстың қалалары мен ауылдарының өмір сүру деңгейі мен келбетін едәуір жақсартатын жаңа әлеуметтік және мәдени нысандар, мектеп, ба­ла­бақша, тұрғын үй, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары арт-артынан бой көтерді. Ал жұртқа қуаныш сыйлаған осы нысандардың қаз тұруына қаражат мәселесі басты орында тұрады десек те, тағанынан бастап, шатырына дейінгі барлық жұмысты атқаратын құрыш қолды құрылысшылардың үлесі көп екенін мойындаймыз.

Бүгінде Алматы облысы аумағының әр тұсында құрылысшылардың қолтаңбасы қалған талай сәулетті ғимараттар бой көтерді. Сол қатардағы ең ірі нысандардың бірі ретінде Талдықорған қаласындағы олимпиадалық типтегі жабық жүзу бассейнін айтуға болады. Жоба мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында жүзеге асырылды, ал оның іске асырылу барысын облыс басшысы жеке өзі қадағалады.  Іргетасын қалаудан бастап, іргелес аумақты абаттандыруға дейінгі жұмыстардың барлығы аймақ басшысының назарынан тыс қалған жоқ.

Аталған ғимарат қаланың төрінде 3,8 га жерге қанатын жайды. Бұл ғимараттың жалпы ауданы 13 мың шаршы метрден асады. Жүзу бассейнінің құрылысына 11,4 млрд.теңгеден астам қаражат жұмсалды. Мұндай әсем де, әдемі, зәулім спорттық нысанның бой көтеруі – ел экономикасы дамуының айқын көрінісі. Жабық бассейннің жалпы ауданы 27 мың шаршы метрді құрайды. Онда әлемдік стандарттарға сәйкес келетін 3 бассейн бар. Олардың бірі - ұзындығы 50 метр, жүзу, аквааэробика, су добы және синхронды жүзу бойынша оқу-жаттығу сабақтарына арналған. Ал екіншісі биіктігі 5-тен 10 метрге дейін суға секіру үшін жасалған. Онда республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өтеді, оларды амфитеатр түріндегі мінбелерден 500-ден астам адам бақылай алады.

Сарапшылардың айтуынша, ғимараттың сәулеті көрермендер жүзушінің әр қимылын қадағалай алатындай етіп жоспарланған. Мұнда ватерполо мен синхронды жүзуден қалалық және облыстық командалар құрылады. Осылайша, спорттың су түрлері бойынша болашақ чемпиондарды тәрбиелеу жолында біршама жұмыстар атқарылады. Күніне бассейн 750 адамға дейін қабылдай алады.

Бүгінде бассейін болашақ спортшыларды қабылдай бастады. Нысанға үмітін үкілеп келген әрбір жас сәулеті мен салтанаты жарасқан ғимаратқа таңғалысады. Орта Азия елдерінде баламасы жоқ осындай ғимарат болашақта ел намысын қорғайтын, Жетісудың даңқын аспандататын талай спортшының бағын ашатындығы анық. Ал сол таланттар өз кезегінде болашағына жарқын жол ашқан осындай ғимарат тұрғызуға қолдау танытқан ел ағалары мен ғимаратты салуға барынша үлес сіңірген құрылысшыларға алғыстарын айтатын болады.

Бассейннен бөлек, биыл халыққа қызмет көрсететін тағы біраз нысан ел иігілігіне тапсырылды. Сол қатарда елімізде баламасы жоқ 288 орынды студенттер жатақханасын айрықша атап айту керек. Сондай-ақ, үш колледжге, атап айтқанда, Талдықорған медколледжіне 280, политехникалық колледжіне  200, Бастөбе сервистік колледжіне 50 орынды  жатақхана салынып, пайдалануға берілді. Осы нысандарда да құрылысшылардың қол табы сайрап тұр.

Денсаулық саласының жағдайы да назардан тыс қалған жоқ. Биылдан бастап Жамбыл ауданындағы Үңгіртас және Қарасу ауылдарында ашылған жаңа амблотория тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсететін болды Үңгіртас ауылының емханасында 58 ем-дом бөлмесі бар. Олардың арасында ересектер мен балаларға арналған қабылдау бөлмесі, стоматолог, гинеколог, терапевт кабинеті, зертхана, таңу, фельдшерлік, акушерлік пункттер және күндізгі стационар бар. Сонымен қатар, Іле ауданының Ащыбұлақ ауылдық округінде Елорда күніне орай 650 орындық «Montessori akademy» жекеменшік мектебі ашылды.

Мектепте информатика, әдебиет, музыка кабинеттері, би залы және спорт залы бар. Мектепішілік өнерді дамыту басты мақсат болғандықтан, суретшілерге арналған жеке бөлме бар. Ал Текелі қаласында Жоңғар Алатауының баурайында орналасқан жаңа «VUSLAT» қонақ үй кешенінің лентасы биыл қиылды.Қонақ үй кешенінің құрылысына 200 млн.теңге инвестиция тартылып, 12 тұрақты жұмыс орны ашылды. Әрине, жоғарыда аталған нысандар да білім қуған жастарға керекті барлық жағдай жасалған. Демек, заманауи нысандардың сәулетін жарастырған да құрылысшылар екеінін естен шығармағанымыз абзал.

Елорда төрінде журналистердің сұрағына жауап берген облыс әкімі Амандық Баталов: «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Мәселен, биыл 1 млн.шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған. 2603 пәтерлік 521 тұрғын үй салынып жатыр, соның 1212-сі көпбалалы отбасыларға берілмек. Сонымен қатар жеңілдіктер қарастырылған «7-20-25», «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ 5-10-20» бағдарламаларымен 1986 отбасы пәтерлі болмақ», – деген еді. Бүгінде аталған жұмыстың дені орындалып, атқарылған істің игілігін жерлестеріміз көре бастады. Соның бірқатарына үңіліп көрсек.

Жуырда ғана Қапшағай қалалары мен Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында 200 отбасы баспаналы болды. Нақтылап айтар болсақ, Талдықорған қаласының «Көктем» шағынауданында бес қабатты үй «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында салынды. Үйдегі пәтерлердің жалпы саны 55, оның ішінде 15  бір бөлмелі, 15 екі бөлмелі, 20 үш бөлмелі, 5 төрт бөлмелі үй. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша пәтерлерге ие болды. Сондай-ақ, Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында 30 отбасы пәтер кілттеріне ие болса,  қапшағайлық 50 отбасы, Өтеген батыр ауылында 60 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.

Үйдің жанында балалар алаңы салынып, тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Биылғы жыл аймақтағы елдің тыныштығын, тұрғындардың қауіпсіздігін кепілдендіріп жүрген құқық қорғау органы қызметкерлерінің де баспаналы болып, қуанышқа кенелгенімен айшықталды. Облыс басшысының тапсырмасымен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне 60 пәтерлі үй салынып, қолданысқа берілді.

Алдағы уақытта Талдықорғандағы 6,7,8 шағынаудандарында және коттедж қалашығында мемлекеттік бюджет және жеке инвестиция есебінен жалпы ауданы 120 мың шаршы метрден асатын 35 көпқабатты тұрғын үй және 204 коттедждің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Осылайша мемлекеттік бағдарламалар нәтижесінде халықты тұрғын үймен қамту жұмыстары жылдан жылға қарқын ала түспек. Мейлі қандай нысан бой көтерсе де, ең алдымен құрылысшылар еңбегін бағалауымыз керек.

Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ «BI Group» компаниясының өкілдерін қабылдаған кезде: «Біз сіздерді біраз жылдан бері білеміз. Бұрындары компанияларыңыз облыста болмаған. Енді, міне, сіздердің құрылысшыларыңыздың еңбегімен облыс орталығында небір көз тартарлық әдемі ғимараттар бой көтеріп, қала сәнін кіргізуде. Мәселен, жаңа салынған театрдың өзі шаһарға қандай керемет көрік беріп тұр?!» – деп құрылысшылар еңбегін жоғары бағалаған болатын.

Қысқасы, облыс экономикасының өсуінде, елді мекендердің дамуында, халыққа қызмет ететін заманауи нысандардың көптеп бой көтеруінде құрылысшылардың арқалайтын жүгі ауыр. Сондықтан, аталған мамандық иелеріне жұртшылықтың алғысы мол.

Қажет АНДАС

Алматы облысы