ЖЕҢІСТІ КҮНДЕРДЕ ЖОЛЫҚҚАНША! ҚОШ, СПОРТ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ МЭТРІ!

Уақыты: 17.08.2021
Оқылды: 1831
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Белгілі журналист, спорт комментаторы Амангелді Сейітхан коронавирустан көз жұмды. Қаралы хабарға байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ марқұмның туған-туысына көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

«Белгілі журналист, спорт комментаторы Амангелді Сейітханның дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын. Амангелді Муатқанұлы қазақ спорт журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның есімі ел есінде мәңгі сақталып, қазақ телевизиясының тарихына алтын әріптермен жазыларына сенімдімін. Марқұмның алды пейіш, арты кеніш болсын», - деп жазылған Президенттің көңіл айту жеделхатында.

Марқұмның әріптесі Жандос Айтбай: «Ол кісі ауруханада көп жатқан жоқ. Кеше жансақтау бөліміне түсті. Бүгін айырылып қалдық. Соңғы күнге дейін жасырып, жаны қиналып жатса да, ешкімге білдірмеді», - деді. Ал Алматы облысындағы «Хабар» агенттігінің меншікті тілшісі Ардақ Айбарұлы Facebook парақшасында: «Бұл ажал дегенге шара бар ма? Белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхан ағамыздан айырылып қалдық. Мына аты жаман індет ешкімді аямады-ау. Не дерімді білмей отырмын. Дүние - жалған деген осы. Отбасы, туған-туыс, дос-бауырларына қайғыра көңіл айтамын. Иманды болыңыз, жездеке», - деп жазды.

Амангелді Муатқанұлы 1969 жылы 11 мамыр күні Шығыс Қазақстан облысының Мақаншы ауданында дүниеге келген. 1991-1994 жылдары «Спорт» газетінде істеп, 1994 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясында «Тұғыр» атты бағдарлама ашып, жүргізушісі болған. Ол телеарнадағы спорт бөлімінде бас редактордың орынбасары қызметін де қатар атқарды. Кейін «Құмсағат» бағдарламасының спорттық ақпараттар бойынша продюсері атанды. Ал 1997 жылы «Хабар» арнасына ауысып, осы күнге дейін аталған агенттікте жұмыс істеп келді. Футболдан 1998 жылы Франциядағы әлем чемпионатында қазақ тілінде комментатор болды. Одан кейін 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпиада ойындарын, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі ақ Олимпиаданы «Хабар» арнасының эфирінде қазақша сөйлетті.

Амангелді Сейітхан 2000 жылы еліміздегі спорт журналистеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты. Эфирлерін, телебағдарламаларын үнемі: «Жеңісті күндерде жолыққанша», - деп аяқтайтын журналистің жарқын бейнесі миллиондаған көрермен жадында мәңгі сақталады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"