ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖОЙҚЫН ЖАРЫЛЫС: ПРЕЗИДЕНТ МӘЛІМДЕМЕСІ

Уақыты: 27.08.2021
Оқылды: 1322
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылысқа байланысты Twitter парақшасында жазба қалдырды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

«Өрт салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар, әскери қызметшілер, дәрігерлер және жұмылдырылған барлық адамдар белсенді жұмыс атқаруда. Өкінішке қарай, зардап шеккендер саны артып келеді. Бірақ жағдай бақылауда. Тараз қаласы мен ауыл тұрғындары сабырлы әрі сақ болуы керек», - деп жазды Мемлекет басшысы.

Қазіргі таңда әскери бөлімдегі жарылысқа байланысты қылмыстық іс қозғалған. Таразда 221 адам арнайы жатын орынмен қамтамасыз етілген. Жарылыстар тоқтаған. Оқыс оқиғаға байланысты «Алматы-Ташкент-Термез» жолының 476 шақырымында көлік қозғалысы уақытша шектелді.

Айта кетейік, кеше кешке сағат 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жарылыс болды. Жарылыстан зардап шеккендер саны 66 адамға жетті. Олардың көбі жеңіл жарақат алғандар, тек 2 адамның ғана жағдайы ауыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"