ЖАМБЫЛДАҒЫ ЖАРЫЛЫС: ҚАЗА ТАПҚАНДАР САНЫ ТОҒЫЗ АДАМҒА ЖЕТТІ

Уақыты: 27.08.2021
Оқылды: 1291
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жамбыл облысындағы жарылыс салдарынан қаза тапқандардың саны тоғыз адамға жетті. Тағы бірнеше адам жоғалып кеткен. Бұл туралы "Жетісу" газеті Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы төтенше оқиға бойынша сағат 13:00-дегі жағдай туралы жедел деректерді мәлім етті. «Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі жарылыс салдарынан соңғы мәліметтер бойынша барлығы 9 адам қаза тапты. Оның ішінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі, әскери бөлімнің, әскерилендірілген күзет пен әскери прокуратура қызметкерлері бар. Қаза болғандардың жеке басы анықталып жатыр. Табылмай жатқан 2 адам туралы деректер анықталуда», - деп жазылған министрліктің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Төтенше жағдайды жоюға мыңға жуық қызметкер жұмылдырылған. Қосымша тағы мыңға жуық адам резервте тұр. Айта кетейік, 26 тамыз күні сағат 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жарылыс болды. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, жарылыс болғаннан бері 3 әскери қызметшімен және төтенше жағдайлар департаментінің бірнеше маманымен байланысу мүмкін болмай тұр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"