ҚОНАҒЫНА ЖАЛҒЫЗ АТЫН СОЙЫП БЕРЕТІН ҚАЗАҚТАЙ ҰЛТ ӘЛЕМДЕ ЖОҚ

Уақыты: 02.03.2022
Оқылды: 1097
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тұтас тарихын дастанмен өрнектеген Алаш жұртының әдебиетіндегі жауһар есебінде «Бабалар сөзі» 100 томдығын атауға негіз бар. Осынау ғажайып еңбекті оқып отырып түркі халықтарының, оның ішінде қазақ жұртының арғы-бергі шежіресін, кешегісі мен «саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қаратқан» заманалар көшіндегі рухани ұстынын танимыз. Біреуінің өзі мыңнан аса тармақтан тұратын дастандардағы ұлы оқиғалардың алтын өзегі – «Бағалағанға бақ, қадірлегенге құт қонады» деген философиялық толғамға саяды.

Шаңдақ жолға гүл бітірген, қуаңға емен бүрлеткен қасиетті қазақ жұртының әлімсақтан бергі рухани болмысында менмұндалаған қасиеттің бірі – барды бағалай білу, құндылығының қадіріне жету. Мұны жоғарыда аталған жалқы тіркеспен айшықтап өтсек те, одан әрі тереңдетер болсақ та, «Батамен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді» немесе «Қарғыс алма, алғыс ал» сынды мәтелдерді еске аламыз.

Шындығында меймандосына жалғыз атын сойып берер қазақ халқының ақжүректілігінде лайықты өлшем болмаса керек. «Дарқандығы даладай, аңқаулығы баладай»  деп өлеңдете кейіптегенде кеңқолтық елдің кесек бітімі көз алдыңа бірден келеді. Мұның бәрі бір елдің ұстынын жарқыратып, тектілігінің тегершігі саналған пейіліне таңылған жақсы сипаттар. Ендеше, бесіктегі баласына қарғыстан қашық, алғысқа жуық жүруді алдымен адамгершіліктің алғышарты ретінде түсіндірер қазағымның өмірлік ұстанымы да алғыс арқалауға негізделген.

Көңілі көк теңіздей шалқып кетер, жүрегіне кір емес, нұр жинауды өмірлік ұстаным еткен елдің көкорайлы көктемі Алғыс айту күнімен басталатыны да сондықтан. Жылдың басын жақсылықпен ашуды мұрат еткен еліміз заманалар дүмпуімен сеңсоқты хәлде қалған қаншама ұлт пен ұлысты бауырына басып, шұрайлы жерін, шұбатты дәмін ұсынды.

Бүгінде Тәуелсіздікпен тел өскен сол этнос өкілдерінің ұрқы «Менің Отаным» деп Қазақ ұлысына махаббатын жеткізсе, сұрқай жылдардың суығына өкпесін қақтатпай аман алып қалған Алаш жұртына да алғысын жаудырып жатады. Мұның бәрі қазақ халқының қасиетті топырағынан берілген арда қасиет деп білеміз. Ал пейілі дарқан, мейірі мөлдір еліміз алғысын алдымен шұғылалы күнді жарқыратқан Алласына, ұлан-ғайыр атырапты мирас еткен бабасына, ата-анасына, жалпы айтқанда, бүкіл қасиеттісі мен құндылығына қарата айтары да заңдылық!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы