АҚСУ АУДАНЫНДА ЖАҢАДАН САЛЫНҒАН ЖОЛ ЕКІГЕ БӨЛІНІП ҚАЛДЫ - ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ

Уақыты: 22.05.2022
Оқылды: 1429
Бөлім: КҮНДЕРЕК

"Алматы-Өскемен" республикалық автожолының 395-нші шақырымында төтенше жағдай орын алды. Алдымен әлеуметтік желі арқылы таралған бейнематериалды Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті растады.

"Бүгін сағат 16.45-те Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне республикалық маңызы бар «Алматы-Өскемен» автожолында (Ақсу ауданы, Еңбек ауылы маңында) жауын-шашын салдарынан сел жүріп, диаметрі 1,5 метр болатын құбырлы көпірді ағызып әкеткені туралы хабарлама түсті. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ", - деді төтенше жағдай департаментінің өкілдері.

Қазіргі таңда "Алматы-Өскемен" автожолының Ақсу ауданындағы учаскесінде көлік қозғалысы шектелген.

Департамент өкілдерінің айтуынша, "Матай-Лепсі-Көлбай" ауылы арқылы айналма жол бар. Молалы ауылының жанында және Көлбай ауылының бұрылысында көлік қозғалысын бағыттау үшін жол полициясының бекеттері орнатылды.

Төтенше жағдай орнында жедел штаб құрылып, «Сити Контрактинг» ЖШС мердігер ұйымы (10 жұмысшы және 4 техника) уақытша айналма жолды салу бойынша жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын бастады. Оқиға орнында көлік кептелісі жоқ, төтенше жағдай орнында күзет бекеттері қойылған.

Штаб жұмысын ұйымдастыру және түнгі уақытта жұмыстарды жүргізу үшін оқиға орнына Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен техника құралдары жіберілді (1 дана "Вахтовка" техникасы, 1 бірлік "АСО-20" техникасы, 2 дана жарық мұнарасы).

Аталған жол учаскесінің жабылуы туралы тұрғындарды хабардар ету үшін ұялы байланыс операторлары арқылы және «Darmen» мобильді қосымшасы арқылы SMS жіберілді.

Көпір шайып кеткен жерде Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментінен 8 қызметкер және 4 бірлік техника, жергілікті атқарушы органдардан 5 қызметкер және 2 бірлік техника, полициядан 8 қызметкер және 3 бірлік техника, «Сити контракт» ЖШС-дан 10 жұмысшы және 4 бірлік техника, «АОФ Қазақавтожол» ЖШС-нан 3 жұмысшы, 1 бірлік техника тартылған.

- Республикалық маңызы бар "Алматы-Өскемен" тас жолының 393-395 шақырымын қатты жауған жауын салдарынан су шайып кетті. Апаттық жағдай болған жерде 4 жүк көлігі тұр. Жүргізушілермен байланыс орнатылған, азық-түлікпен қамтамасыз етілуде. Оқиға орнында тиісті мамандар жұмыс істеуде. Аппаттың салдарын жоюға техникалар мен жұмысшылар жұмылдырылған. Қазір Матай-Лепсі арқылы айналма жол ашық. Зардап шеккендер жоқ, - деді Ақсу аудандық әкімдігінің ресми өкілі Мағжан Шындәулет.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"