ТОЛАССЫЗ ЖАУЫН САЛДАРЫНАН ЕКІ АУЫЛДЫ СУ БАСТЫ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 23.05.2022
Оқылды: 1063
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Толассыз жауын салдарынан Кербұлақ ауданына қарасты Қоғалы және Байғазы ауылдарында сел жүрді. Бұл туралы Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Атап айтқанда, Қоғалы ауылының Панфилов, Жандосов және Тобаяқов көшелерін, сондай-ақ, Жандосов көшесінің № 56 үй ауласын су басты. Оқиға орнына Кербұлақ ауданының төтенше жағдайлар бөлімінен қызметкерлер келді. Соңғы мәлімет бойынша, мұнда жауын-шашын тоқтап, су деңгейі төмендеген. Зардап шеккендер жоқ, жағдай тұрақты.

Жауапты мамандар Байғазы ауылында да су деңгейі көтеріліп, Абай көшесімен ағып өткенін анықтады. Аталған ауылда жауын-шашын кезінде өзен тасыған. Соңғы ақпаратқа сәйкес, мұнда да жауын-шашын азайып, өзендегі су деңгейі төмендеген. Зардап шеккендер жоқ. Бау-бақшаларды ішінара су басқан, жалпы жағдай тұрақты. Төтенше жағдай қызметкерлері тұрғын үйлерді және аулаларды аралап, тексеріс жүргізетін болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"