ҚАЗАҚСТАНДЫ ӨЗГЕРТКІҢ КЕЛСЕ, РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫС - АРДАГЕР ПІКІРІ

Уақыты: 23.05.2022
Оқылды: 1172
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Болып жатқан өзгерістерді өз басым дамудың жаңа кезеңіне қарай батыл қадам жасау деп қабылдаймын. Өйткені, Қазақстанды ауқымды саяси жаңғырту кезеңі күтіп тұр. Бұл жаңғырту Конституциялық реформасыз мүмкін болмайды. Өзгерістер Конституция баптарының үштен біріне қатысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдегендей, Ата Заңға енгізілетін түзетулер еліміз үшін тағдыршешті мәнге ие. Сондықтан Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесі Парламентте емес, республикалық референдумда шешіледі.

Жоба халықтың талқысына ұсынылды. Өзгерістердің бастысы ретінде қоғам Президент өкілеттігінің шектелетінін айтып жүр. Мысалы, ел Президенті өз өкілеттігі кезеңінде ешқандай саяси партия құрамында болмайды. Сонымен қатар, Президенттің жақын туыстары ел билігіне араласпайтын болады. Осы түзетулер жобасы қабылданған жағдайда болашақта Парламент пен оның палаталарының рөлі мен мәртебесі артады. Тағы бір өзгешелік – Конституциялық соттың құрылатындығында. Азаматтар оған тікелей жүгіне алады.

Конституцияға енгізілетін түзетулер халықтың ел басқару ісіне көбірек қатысуын көздейді. Ең бастысы, жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі турасындағы норма Конституцияда түпкілікті және біржақты бекітілгені қатты ұнады. Ал мемлекет оған халық атынан меншік құқығын жүзеге асырады. Түзетулердің мемлекетіміз үшін тарихи маңызы бар.

Бұл реформалар – ауқымды саяси жаңғырудың аса маңызды кезеңі. Бұл өзгерістердің әсерін әрбір қазақстандық сезінетін болады. Сондықтан, 5 маусымда референдум учаскесіне келіп, өз қалауымызды білдіруіміз керек.

Дүйсебек МАЛДЫБАЕВ,

еңбек ардагері,

Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы