ЖОЙҒЫШ ҰШАҚТАН ЖАРЫЛЫСҚА ҰҚСАС ДЫБЫС ЕСТІЛЕДІ. РЕСМИ ТҮСІНІКТЕМЕ

Уақыты: 28.05.2022
Оқылды: 1152
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласында жуырда жарылысқа ұқсас дыбыс естіліп, тұрғындардың зәре-құтын қашырғаны белгілі. Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаменті түсініктеме берді.

"2022 жылдың 24 мамыр күні сағат 16:30-дан 23:30-ға дейін №21751 әскери бөлімінің мәліметі бойынша жойғыш ұшақтардың оқу-жаттығу өткен. Оқу-жаттығу ұшуларын өткізу барысында жылдамдықтың дыбыстан жоғары кедергісі салдарынан әскери жойғыш ұшақ ұшқанда жарылысқа ұқсас тарсыл дыбыс пайда болған. Қозғалатын ұшақтың алдында әрқашан көтерілетін аймақта қысым қалыптасады. Аз жылдамдық кезінде бұл қысым тек жан-жаққа қарай тарайтын дыбыстық толқындарды туғызады. Бірақ дыбыс жылдамдығы ұшақ жылдамдығына жеткенде акустикалық толқындар алыстап үлгермейді. Олардың жиналуы ұшақтың алдында қысымның күрт өсуіне әкеледі. Қатты сығылған жұқа ауа қабатынан соққы толқыны пайда болып, конус түрінде тарайды. Бұл толқын дыбыссыз болғанымен оның қасында ауа қысымы шапшаң көтеріледі. Бұл тарсыл ретінде қабылданады. Қазіргі таңда 101, 102, 103 телефон желісіне облыс аймағында жарылыс және тарсылға байланысты ешбір ақпарат түскен жоқ. Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті ақпараты бойынша, Талдықорған қаласының жақын маңында жарылыс жұмыстарына рұқсат берілмеген. Әскери ұшақтардың оқу-жаттығуы 25 мамырда да өтті. Талдықорған қаласының тұрғындарын дүрбеленге салынбауды сұраймыз", - делінген департаменттің ресми хабарламасында.