ҚҰЛАҒАН ҚАРАҒАЙ. ТЕКЕЛІ ТҰРҒЫНДАРЫ АҒАШ КЕСКЕНДЕРГЕ ҚАРСЫ ШЫҚТЫ

Уақыты: 23.07.2022
Оқылды: 1502
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Текелідегі №8 мектептің маңында жайқалып тұрған көптеген қарағай түбірімен кесіліп кеткен. Ағаштың құлап жатқанын көрген тұрғындар дабыл қағып, заңсыз кесілгенін айтуда.

Моноқала тұрғыны Екатерина Тусупбаева:

– Мектеп маңындағы ағаштар заңсыз кесілді. Бұл дұрыс емес. Нақты бір шешім шықса үндемес едік. Мектеп басшыларының қарағайлардың балаларға қауіп төндіріп тұрғанын, болашақта мұнда шырша ағашы егілетінін айтып жатыр. Егер тамырын алып қарасақ, қарағайдікі жайылып, шыршанікі тік өседі. Яғни, шырша ағашы одан да қауіпті, – дейді.

Қала тұрғындарының бірқатары: «Қауіпсіздікті ойласа, мектепке қарама-қарсы орналасқан жатақхана ауласындағы құлайын деп тұрған қарағайларды неге шаппаған?» - деп реніш білдірді. Тұрғындардың кейбірі: «Білім ошағы басшысының ағаштарды рұқсатсыз кескені дұрыс емес шығар, бірақ, ол ең алдымен қауіпсіздікті ойлады», - деп ақтауда.

Мектеп директоры Жанар Жақыпбекова:

– Кінәмді мойындаймын. Мектепте мыңнан аса бала оқиды. Кішкентай 30 бүлдіршініміз балабақшада жүр. 100-ден аса қызметкер бар. Оқушылар мектептің ауласында жүгіріп жүреді. Мен бұл жерде ағаштарды емес, балалардың, мектеп қызметкерлерінің қауіпсіздігін көбірек ойладым, – дейді.

Жалпы, мектеп ауласынан 16 қарағай, 7 қарағаш, 1 терек кесілген. Бұл мәселе әлі қаралуда. Білім ошағы басшысының кінәлі, кінәсіз екені жайлы нақты шешім жақын арада шығады.

Айдар ҚАЛИЕВ

Текелі қаласы,

Жетісу облысы