ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА ҮШ ДЕПАРТАМЕНТТІҢ БАСШЫСЫ ЖАҢАДАН ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 31.08.2022
Оқылды: 1116
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысында экономикалық тергеу, төтенше жағдайлар және мемлекеттік кіріс департаментінің басшылары жаңадан тағайындалды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

***

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бұйрығымен Жетісу облысының экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы қызметіне Талғат Таңатаров тағайындалды.

Талғат Тұрғауытұлы 1966 жылы 20 ақпанда Қарағанды облысында дүниеге келген. Новосібір жоғары әскери-саяси құрама қарулар училищесін, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Экономикалық тергеу қызметінің полковнигі.

Еңбек жолын 1989 жылы Қарулы Күштер қатарында бастады. Әр жылдары ҚР Ішкі әскерлерінің тергеушісі, әскери прокурорының көмекшісі, Қарағанды гарнизонының әскери прокуроры және ҚР Бас әскери прокурорының орынбасары қызметтерін атқарды. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдарында, Қаржы министрлігінде, экономикалық тергеу органдарында басшылық қызметтерді атқарған.

***

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің бұйрығымен Талғат Қозбеков Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып тағайындалды.

Талғат Қозбеков 1976 жылы Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Көктал ауылында дүниеге келген.

Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «экономист-маркетолог», әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1999 жылы Панфилов ауданы бойынша салық комитетінің салық аудиті бөлімінде инспектор лауазымынан бастады. Әр жылдары бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, Панфилов ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы лауазымдарын атқарды. 2020 жылдан бастап Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары лауазымында қызмет етті.

2022 жылдың наурыз айынан бастап Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып тағайындалған.

***

Жетісу облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып полковник Бауыржан Ізбасаров тағайындалды. ТЖД жаңа бастығын жеке құрамға Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков таныстырды.

Бауыржан Ізбасаров 1977 жылы 6 ақпанда Алматы облысы Күрті ауданында дүниеге келген. 2003 жылы М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтын «құқықтану» мамандығы бойынша, 2007 жылы ТЖМ Көкшетау техникалық институтын «өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген.

Құқық қорғау органдарында 2002 жылғы қаңтардан бастап жұмыс істейді, қызметін Оңтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бас басқармасының №2 өрт сөндіру бөлімінің мемлекеттік өрт қадағалау инспекторы болып бастады. Әр жылдары түрлі басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. 2021 жылдан бастап Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары болып қызметін атқарды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"