ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПКЕ САЙЫН МҰРАТБЕКОВТЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

Уақыты: 02.09.2022
Оқылды: 1631
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғандағы №9 мектепке жазушы Сайын Мұратбековтың есімі беріліп, алғашқы қоңырау соққан оқушылардың қуанышын еселеді.

Үкіметтің 6 маусымдағы №370 қаулысына сәйкес жазушы есімін еншілеген орта мектептің 1 қыркүйек – Білім күніне арналған салтанатты шарасына Жетісу облыстық маслихатының хатшысы Гүлнар Қожағұлқызы, жазушының қарындасы Майра Сапарғалиқызы, Талдықорған қалалық мәслихат хатшысы Темірболат Жанболатұлы шақырылып, кезекпен сөз алып, оқушыларды алғашқы қоңыраумен құттықтады.

Алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимніне тік тұрып құрмет көрсеткен көпшілік мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, жас өнерпаздардың өнеріне ризашылық танытты. Одан соң 1-сынып оқушыларына білім кілтін табыстаған 11-сынып оқушысы, «Алтын белгіге» үміткер Нұрай Нұрқапарова артынан ерген іні-сіңлілеріне жүрекжарды тілегін арнады. Одан кейін ардагер ұстаздар мен 1-сынып оқушылары бірлесе алғашқы қоңырау соғып, жаңа оқу жылының басталғанын хабарлады.

Қаламгер есімін иеленген №9 орта мектептің салтанатты ашылу рәсіміне орай келген қонақтар лента қиып, оқу орнының отандық білімге өлшеусіз үлес қосуына тілектестік танытты. Қонақтарды шашумен қарсы алған әжелер де шара шырайын кіргізді.

Мектеп директоры Ләйлә Сембаеваның айтуынша, жазушы Сайын Мұратбековтың аты берілген орта мектептің 1-сыныбына 238 оқушы барыпты. Одан бөлек, мектепте 1797 оқушы білім алады. Ұстаздық қызметті атқаратын 137 мұғалімнің 60 пайызы жаңа тестілеуден өтіп, білімі жоғары екендігін дәлелдеген. Мектеп түлектері биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша 86 пайызды көрсеткен.

Мәди ӘСЕТҰЛЫ

Талдықорған қаласы,

Жетісу облысы