МЕЙІРІМДІ АДАМДАР ӨТЕ КӨП. ЖЕТІСУДА 31 ОТБАСЫ ЖАҢА БАСПАНАҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Уақыты: 02.11.2022
Оқылды: 1175
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Панфилов және Қаратал аудандарының тұрғындары жаңа баспанаға кіріп, қуанышқа кенелді. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, Үштөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 30 пәтерлі жалгерлік үй пайдалануға берілді. Ал Панфилов ауданы, Көктал ауылында жомарт жүрек меценат көпбалалы анаға 5 бөлмелі үйді сыйға тартты.

«Көктал-Агро» ЖШС басшысы Жәнібек Оханов мекеме тағы бір көпбалалы анаға өз қаражаты есебінен баспана сатып әперуді жоспарлап отырғанын айтты. Көктал ауылында жаңа үйге кірген Мунира Сламжанова жеті бала тәрбиелеп отыр. Бұл үйді сатып алуға серіктестік 6,5 млн.теңге қаржысын жұмсаған.

- Өмірде мейірімді адамдар өте көп екеніне көзім жетті. Пәтер жалдағанды жағдайымыз көтермейді, кішкентай баламен көшіп-қону да оңай емес. Енді отбасымыздың өз шаңырағы бар. Бұл – біз үшін үлкен бақыт. Бізге баспана әперіп, жәрдемдескен азаматтарға алғыс айтамыз, - деді көпбалалы ана.

Үштөбеде 30 отбасы қоныс тойын тойлады. Көптен күткен пәтерлеріне ие болған кезектегі азаматтардың ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары, соның ішінде, көпбалалылар, аз қамтылған отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, Ауған соғысы ардагерлері, зейнеткерлер бар.

Қаратал ауданының әкімі Ерлан Исабековтың айтуынша, жуық уақытта ауданда 40 пәтерлі несиелік үй құрылысы басталады деп жоспарланып отыр. Сол сияқты «Кеңдала» шағынауданында 20 жеке тұрғын үй салынады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"