ТАЛДЫҚОРҒАНДА ӘЙЕЛ ЗОРЛАП, АЛМАТЫҒА ҚАШҚАН КҮДІКТІ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 02.11.2022
Оқылды: 1052
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған полициясы 53 жастағы әйелді зорлаған күдіктіні ұстады.

Талдықорған қаласындағы қонақ үйлердің 53 жастағы қызметкерін зорлады деген күдікпен іздеуде жүрген, бұрын сотталған ер адамды ұсталды. Күдікті Алматы қаласында қамауға алынды.

Жәбірленушінің арызы 28 қазан күні Талдықорған қалалық полициясына келіп түскен.

Белгілі болғандай, жергілікті қонақүйде жұмыс істейтін 53 жастағы әйелді қонақүй бөлмесінің бірінде тұрған белгісіз адам зорлап кеткен. Оқиға орнынан қашып кеткен еркек 35 жастағы Алакөл ауданының тұрғыны болып шықты.

Полиция қызметкерлері ер адамның жеке басын қонақүйде орнатылған бейнебақылау камералары арқылы анықтады.

– Күдікті бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеген. Жедел іздестіру шаралары барысында Алматы қаласының аумағында жасырынып, іздеуде жүрген ер адамның мекенжайы анықталды. Қазіргі уақытта күдікті Талдықорған қаласына жеткізіліп, қамауға алынды, – деп хабарлады Талдықорған қалалық полициясы.

Тергеу барысында ұсталған күдіктінің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"