МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ПІКІРТАЛАС МӘДЕНИЕТІН МЕҢГЕРУІ КЕРЕК - ӘДІСКЕР

Уақыты: 10.11.2022
Оқылды: 2048
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ежелден ата-бабаларымыз сөз өнерін бәрінен биік қойған. Шешендік өнерді аса қатты бағалаған. Сол дәуірдегі атақты шешендердің, билердің айтқан өткір де уытты сөздері, тоқтамдары бүгінгі күнге дейін өшпейтін қазына. Дана да дара бабаларымыздан қалған үлкен мұралардың бірі - пікірталас мәдениеті.

Бүгінгі біз өмір сүріп отырған қоғамда шешендік өнер, келіссөз жүргізу тәсілдері, пікірталас өнері сұранысқа ие, алға қарай дамуды қажет етіп тұр. Жас ұрпақты, білім ордасындағы шәкірттерді баулуымыз керек өнер, дағды ол - дебат.

Біріншіден, дебат жастарды көшбасшылыққа апаратын даңғыл жолдардың бірегейі.

Ел ертеңі болатын шәкірттеріміздің өз ойын ашық білдіріп, еркін сөйлеуі өте маңызды. Оларға қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық маңызды мәселелерді талдап, түсіне алу қабілеті қажет. Пікірсайыс оқушыларымызды ұтқыр ойлы, саяси сауатты, нағыз интеллигент болуға баулиды. Жеке тұлға ретіндегі қарым-қабілеттерін кеңейтеді.

Екіншіден, оқушыларды оқытудың жаңа үлгісі - пікірталас әдісі. Пікірталас-дидактикалық ізденістің маңызды саласы. Коммуникативті пікір алмасу үлгісі жөніндегі негізгі қағидалар мен тұжырымдарды, әдістемелік нұсқалауларды басшылыққа алып, оны кез-келген пәнді оқытуда оқыту құралы ретінде пайдалану жақсы нәтижеге қол жеткіздіреді. Пікірталас оқушының жетекшілік позициясын нығайтып, сыныпта өзара ашық қатынастарды қамтамасыз етіп, бірлесіп білім алуда жауапты іс-әрекет жасауға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, пікірталас – түрлі көзқарас, ой-пікірлерді қатар қою, салыстыру арқылы өзінің көзқарас, ой-пікірін дәлелдеу. Осы тұста әрбір оқушы пікірталас мәдениетін игеретін болса, болашақта өзінің жігерлі ой-пікірін, бағасын, дүниетанымын еш қиындықсыз аудитория алдында жеткізетініне куә бола аламыз.

Жоғарыда атап айтқанымдай, бүгінгі күні мектеп оқушылары арасында дебаттық қозғалысты дамыту кейінге ысыруға болмайтын ерекше маңызға ие бірден-бір қозғалыс. Қазіргі сәтте оқушылар дебат өнері жайлы хабарда болуы үшін, игерулері үшін "білім және ғылым министрлігі" өз тараптарынан қажетті шараларды жүзеге асырып жатыр.

Пікірсайыс немесе дебат грек тілінен «оқимын», ал француз тілінен «талқылау» деген мағынаны білдіреді. Дебат – аргумент арқылы жеңу. Онда қарсы тараптар қоғамды өз сөзіне сендіруі керек. Пікірсайыста маңыздысы – аргумент, бірақ әр түрлі риторикалық әдістер, аудиториямен жұмыс жасау қабілеті ескеріледі. Ол – шешендік өнердің бір түрі, риториканың бір бөлігі. Демократиялы елдерде Президент сайлауы пікірсайыс арқылы өтеді. Пікірсайыс – белгілі ереже бойынша қарсы тараптың өз позициясын қорғап, көпшілік алдында сөйлеуі. Ол ораторлық қабілет пен ойлау жүйесін дамытады.

Қорыта айтқанда,  пікірталас мәдениетін игеру оқушының сөйлеу мәдениетін, өзіндік ой-пікірін ашық айта білу, баяндау шеберлігін, шығармашылығын арттыра отырып, пікірталас мәдениеті сырларын меңгеруге ықпал жасайды. Білімді, бәсекеге қабілетті, шығармашыл, сөйлеу мәдениеті жоғары жеке тұлға ретінде қалыптастырады. Алған білімдерін өз бетінше жұмыста қолдана алуға жағдай жасайды. Өмірдегі әр сәтке байыппен қарауға үйретеді.

Өзгермелі заман талабына білім ордалары да ілесе алуы тиіс деп санаймын. Координатор ретінде барша мұғалімдер қауымы шәкірттеріміздің пікірталас мәдениетіне оң баға беріп, оңтайлы пайдала алуларына атсалысуымыз керек. Бізден талап етілетін қолдау мен жәрдемді тиісінше сыйлай алуымыз қажет. Ұстаз - қоғам айнасы, шәкірттеріміздің нағыз патриот, ұлтжанды, көсем болып ержетулеріне бірден-бір себепкер болар біздер.

Меруерт КУЛШАНОВА,

"Жетісу облысының білім басқармасы" ММ "Дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығы" КММ оқу-әдістемелік бөлімінің әдіскері