Аруақ аян бере ме?

Уақыты: 28.04.2024
Оқылды: 308
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Халқымызда «Адам өмірден өткеннен кейін де соңында қалған ұрпағына қорған болып, желеп-жебеп жүреді» деген түсінік бар. Мұндай түсінік батырлар жырымен қатар аңыз-әңгімелерден де көрініс береді. Оның бер жағында осынау тылсым құбылыс жайында бүгінгі күні де айтылып жүрген аңызға бергісіз әңгімелер аз емес. Оған негіз болған не нәрсе? Өмірден өткен жақындарымыз неліктен түсімізге кіреді, олардың не айтқылары келеді? Бізді қандай қауіптерден сақтандырады? Бүгінгі баян осы мәселелер жайында болмақ.

 

Бұл еліміздің солтүстік облыстарының бірінде нақты өмірде болған оқиға. Аналары күздігүні өмірден өтіп, әкелерінің қамқорлығында қалған ұл мен қыз арада екі-үш ай өткен соң қатты ауырады. Дене қызулары 40-қа дейін көтеріліп, жандары қатты қиналады. Бірнеше күн бойы тынымсыз соққан бұрқасын жағдайды одан сайын қиындата түседі. Есіктің алдын, есіктің алдын ғана емес, бүкіл жол бойын қар басып, аудан орталығындағы ауруханаға жетудің өзі мұңға айналады. 

Жаны қысылған әке балалары осылайша қиналған кезде беретін дәріні таппай алас ұрады. Марқұм әйелі сырқаттанған ұл-қызын сол дәрімен оп-оңай жазып алатын еді. Бүкіл үй-ішін ақтарып қарағанымен көкке ұшып кеткендей ұшты-күйлі жоқ. Бұрыш-бұрышты қанша ақтарғанымен еш жерден көзге шалынбайды. Амалы құрып мелшиіп отырып қалған сәтінде манадан бері сұлық жатқан қызының: «Әке, ваннаның астын қарап көріңізші. Мамам: «Дәрі сол жерде» деді ғой...», – деген әлсіз дауысы құлағына шалынады. 

Дәл осы жерде дәрінің нақ сол жерден, ваннаның астынан табылғанын айтып жатудың қажеттігі жоқ шығар деп ойлаймыз. Марқұм аналары тірлігінде «Құлындарым ауырып қалса керек болар...» деп артығымен дайындап, қаз-қатар тізіп қойған екен... Балаларының қиналғанын да, күйеуінің шарасыз халін де сезген... Содан кейін де қызының түсіне кіріп, ауадай қажет болып тұрған дәрінің қайда тұрғанын айтқан. 

Мұны психологтар мен адам жанының құпияларын зерттеумен айналысатын өзге де ғалымдар басқаша түсіндіреді. Ондай түсіндірме көп ретте: «Мидың біз білмейтін құпиялары әлі де көп. Оның әлдебір түкпірінде бұрындары сақталып қалған ақпарат адамның жаны қысылған сәтте осылайша көрініс беруі мүмкін...» дегенге келіп тіреледі. Кім біледі, олай болу мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмас... 

Осы жерде орыс жазушысы, тарихшы, фольклоршысы, православ священнигі Дмитрий Булгаковскийдің пікірлері мен мысалдарын келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз. Өзінің «Өлгендердің пайда болуының таңғаларлық жағдайлары» («Поразительные случаи явления умерших») атты кітабында жазушы жаңағыдай таңғаларлық  81 жағдайды мысалға келтіреді. «Өмірден түңіліп, бәрінен баз кешіп жүрген адамдардың біреуінің ғана үміт жібін жалғап, алдағы уақытта басқа әлемде жақсы өмірдің болатынына сендіре алсам, мақсатымның орындалғаны» деген принципті басшылыққа алған Дмитрий Гаврилович негізінен өзі куә болып, көзімен көріп, құлағымен естіген жайттарды сөз етеді.

Баяғыда берген антын еске алды...

Бұл оқиға Булгаковскийдің марқұм әкесінің кіндік қызының басынан өтіпті. Мәскеуге келген сапарларының бірінде жазушының үйінде болған Лиза оған күйеуінің жан азабын бастан кешіп, қатты күйзеліске түсіп жүргенін баяндайды. Ондай күйзеліске мына бір таңғаларлық жағдай себеп болған екен.
Лизаның айтуынша, күйеуі Минике текті дәрігермен достасып, қоян-қолтық араласады. Екеуі бос уақыттарының бәрін бірге өткізіп, аңға да жиі шығады екен. Сондай кездері сөзден сөз шығып, бір кездері тән өлсе де жанның өлмейтіні жайында әңгіме қозғалады. Оған өздерінше дәлелді мысалдар да келтіріледі. Осыған дейін елден естіген, әлдебір кітаптардан оқылған жайттар да еске алынады. 

Әңгіменің қызығына беріліп, әсерленіп кеткен Минике сол кезде: «Қайсымыз өмірден бірінші өтетін болсақ, нақ сол сәтте екіншімізге көрінеміз деп бір-бірімізге ант берелік», – деп қалады. Мұның соңы неге соғатынын ойламаған екеуі де «Келістік!», – деп қол алысады. 

Әзіл-шыны аралас бұл әңгіме осымен ұмытылып та кеткендей еді. Арада біраз уақыт өткен соң Ржев қаласында жұқпалы ауру індеті бұрқ ете қалып, сол өңірде дәрігерлер жетіспегендіктен Минике іссапарға жіберіледі. Сөйтіп жақын достардың арасындағы байланыс біраз уақытқа үзіліп қалады. 

Бірде Лиза кешкі мезгілде балаларын ұйықтатып жатқан кезде күйеуінің кабинетінен шыңғырған дауыс шығады. Жанұшырып жеткен жас келіншек күйеуінің ес-түстен айрылғандай күйде қалш-қалш етіп боп-боз болып отырғанын көреді. Біраз уақыт өткен соң су ішіп, аздап өз-өзіне келген күйеуінің ерні әрең икемге келіп: «Минике келіп кетті...», – деп күбірлейді.

Кейін еске алғанындай, Лизаның күйеуі кітап оқып отырып бір нәрсені сезгендей басын көтеріп, есік жаққа қарайды. Ол жақта тұрған Миникені көріп: «Сен қашан оралып едің? Неге есікте тұрсың?» –  деген қуанышты дауысы шығып кетеді. Мұны естімегендей қалып танытқан досы оған қадала бір қарайды да ләм-мим деместен жоқ болып кетеді. Дәл осы сәтте баяғыда берген анттары ойына оралған досының төбе шашы тік тұрады. Ал екі күннен соң Ржев қаласынан Миникенің досына дәл сол көрінген күні, дәл сол сағатта жұқпалы аурудан қайтыс болғаны жайында хабар жетеді...

Қайтыс болғандар неге түске кіреді?

Булгаковский өзіне белгілі жайттарды баяндай келе қайтыс болған адамдардың көп ретте өздерінің жүректеріне жақын жандарына көрініп, түсіне кіретіндіктерін атап өтеді. Ал енді өмірден өткендердің жақындарының барлығына бірдей көріне бермейтіні жайына келетін болсақ, кітапта айтылғандай, олардың өздерінен қатты қорқып қалуы мүмкін адамдарға көрінуіне қатаң тыйым салынған көрінеді. Мәселен, сондай баяндардың бірінде қайтыс болған анасы қызына: «Сенің әпкеңе де көрінер едім, бірақ оның мұны көтере алмай күйзеліске түсіп ауырып қалуы  мүмкін – ересектер балалар сияқты емес, бізден қатты қорқады», – деген сөз айтады.

– Қайтыс болғандар Жер бетіне өз қалауларымен келе ме, жоқ, әлде құдіретті бір күштердің рұқсатымен орала ма деген сұраққа жауап табу оңай емес. «Сергей, сен өліп қалып едің ғой, бұл жаққа қалай келдің?», – деген бауырының сұрағына қайтыс болған адам: «Бізді жіберіп                   тұрады», – деген жауап қайтарады. Бірақ оны кім жіберіп тұрады, өзінің өтінішімен бе, әлде мұндай рұқсат оған мүлдем қатыссыз себептермен беріле ме, – қайтыс болған адам оны түсіндірген жоқ, – деп атап өткен екен Дмитрий Булгаковский.

Бұл сұрақты жинаққа енгізілген басқа әңгімелердегі қайтыс болған адамдардың айтқандары да нақтыламайды. Сондай бірқатар жайттарды мысалға келтіре кететін болсақ, әйелінің түсіне кірген күйеуі: «Саған келуім керек болған соң келдім», – дейді. Күйеу жігітіне келген қалыңдықтың елесі де: «Саған көрініп, өмірден өткенімді айтуға рұқсат етілген», – деп мәлімдейді.

Өмірден өткендердің бірқатары жақындарын жамандықтан сақтандырып, олардың жақсы істерге бет бұруы үшін түске кіреді. Мәселен, бір офицер түсіне кірген жолдасының әңгімесінен кейін бар дүние-мүлкін сатып, қаражатын Жаратқанға жағатын істерге ғана жұмсай бастайды. Өзінің өткен істеріне өкініп, әулиелі жерлерге зиярат етумен өмірін өткізеді.

Енді бірқатар марқұмдардың қарапайым тіршілік қамымен де жақындарының түсіне кіретіні баяндалады. Нақты айтатын болсақ, әкесі баласына ақша алғаны жайындағы қолхаттың қайда жатқанын хабарласа, қызы өзіне сақтауға берілген бағалы затты қай жерге тығып қойғанын әкесіне жеткізеді. Өң мен түстің арасында әйеліне көрінген күйеуі ұлдарын белгілі бір қызға үйленуден сақтандыруды өтінеді. Осылайша оқырманды қызықтыратын таңғаларлық оқиғалар бірден бірге жалғаса береді.

Кітаптағы енді бірқатар оқиғаның желісінде аруақтардың өзіне жақын адамдардың түсіне кіріп, оларды болашақ әлемде мәңгі бірге боламыз деп сендіретіні баяндалады. «Бұл жерде сенің мойныңа қаншама ауыр міндет жүктелген. Балаларды өсіруің керек. Ал ана жақта мәңгі бірігетін боламыз», – дейді қайтыс болған күйеуі әйеліне. 

Өздерінің басқа әлемде қалай тіршілік етіп жатқандарын айту үшін де түске кіретіндер бар. Сондай қайтыс болған адамның біреуі «Ондағы жағдайың қалай?» деген сұраққа: «Құдайға шүкір, жағдайым жақсы», – деген жауап қайтарған. 

Мұның бәрі бір қарағанда ертегі болып көрінуі де мүмкін. Алайда дәл осындай болмаса да осыған ұқсас жайттардың күнделікті өмірімізде де ара-тұра болып тұратынын мойындамай тұра алмайсың. Сұрағы көп, жауабы мүлдем жоқ дерлік тылсым дүние дегеніміз де осы шығар?..

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
ардагер журналист

Фото: dzen.ru