ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ БАСПАСӨЗ-ТУР ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Уақыты: 14.11.2022
Оқылды: 1117
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Таяуда Қонаев қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі БАҚ өкілдеріне баспасөз-тур ұйымдастырды. Онда тілшілер Алматы облысы орталығын дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен танысты.

Журналистер алдымен шаһар орталығы алаңында жүріп жатқан көркейту істерін көріп, қалаға кіре берісте орнатылған қар барысының мүсінін тамашалады. Қар барысының мүсіні Алматы облысының символы ретінде бой көтерген. Шара барысында қала әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет қалада 12 нысан, 3 жыл ішінде 39 аула абаттандырылатынын айтты. «Golden city» ЖШС маманы Асқар Ортыбаев абаттандыруға ойын алаңдары, аула ішіндегі көшелер мен жарықтандыру, барлық инфрақұрылым саласы кіретінін сөз етті. Сондай-ақ, ол құрылыс толық аяқталған соң тағы 2 жыл қызмет көрсететіндерін, жарық өшсе немесе ауланың бір жері бүлінсе, қайта қалпына келтірілетінін айтты. Марлан Жолдахметтің сөзінше, бүгінде қаладағы «Астана» аллеясының құрылысы аяқталуға таяу.Баспасөз -турында сондай-ақ, облыс орталығында жаңа мектептер құрылысы алдағы жылы аяқталатыны мәлім болды. Бұл туралы Қонаев қаласының 10 ықшамауданында салынып жатқан мектептің жоба жетекшісі Айбек Оңалбаев құлағдар етті.Аталған оқу ордасы мемлекеттік «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынуда. Тілшілер шаһар маңында салынып жатқан балық зауытымен де танысты. Бұл – Қазақстандағы теңдессіз зауыт. Себебі, бассейндерді толтыру үшін пайдаланылған су сүзгіден өтіп, қайта қолданылады. Мұнда уылдырықтан бастап, шабақ, үлкен балыққа дейін өсіріледі. Олардың әрқайсысы түрлі температурадағы жеке бассейндерге орналастырылмақ. Соңында баспасөз брифингі өтті. Онда қала әкімі Нұрлан Құматаев Қонаевта 107 тұрғын үй салынатынын, шаһардағы ойынханалардың көшірілмейтінін, облыс орталығы сондай-ақ, өндіріс, туризм, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес салалары бағытында дамитынын назарға салып, журналистердің сұрағына жауап берді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА,
Алматы облысы