АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНЕ ЖАҢА БАСШЫ КЕЛДІ

Уақыты: 12.12.2022
Оқылды: 3233
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы бойынша экология департаментінің басшысы лауазымына Қонысбек Байеділов тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің №518 бұйрығына сәйкес, Қонысбек Ескендірұлы Байеділов 2022 жылғы 9 желтоқсаннан бастап Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Алматы облысы бойынша экология департаментінің басшысы лауазымына келді.

Қонысбек Ескендірұлы 1961 жылы 6 тамызда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жалаңаш ауылында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын "экономист" мамандығы бойынша бітірген. Білімі - жоғары, экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1982 жылы Кеген ауданы Тоғызбұлақ ұжымшарының есепшісі болып бастаған. Кейіннен "Сельхозэнерго" шаруашылық бірлестігінің есепші-тексерушісі, ҚазКСР Қаржы министрлігі басқармасының экономисі, аға контролер-ревизоры болып жұмыс істеген.

1990 жылдан бастап Алматы қаласы қаржы басқармасында, ҚР Қаржы министрлігінде, ҚХР-дағы ҚР Елшілігінде, ҚР Сыртқы істер министрлігінде, ТМД атқару комитетінде, Қазақстанның қаржы-экономикалық дамуының халықаралық орталығында, "Қазгидромет" РМК-да, Алматы қалалық және облыстық экология департаменттерінде лауазымды қызметтер атқарған.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"