СЕНАТОРЛЫҚҚА ҮМІТКЕР ЖӨРГЕНБАЕВ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫН ТАНЫСТЫРДЫ

Уақыты: 26.12.2022
Оқылды: 1897
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына үміткер Жанболат Жөргенбаев сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Жиынды депутаттыққа үміткердің сенімді өкілі Ерболат Тұрымбетов ашып, Жанболат Жөргенбаевтың облысымызға қалтқысыз қызмет етіп, халық қалаулысы ретінде аграрлы мәселелерді көтеріп жүргенін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған Жанболат Жөргенбаев осы жылдың мамыр айында Сенат депутаты болып сайланғанын, алайда, Сенат депутаттары өкілдіктерінің конституциялық мерзімі 2023 жылы аяқталуына байланысты алдағы жылдың 14 қаңтарында қайта тағайындау болатынын мәлім етті. Осыған орай өз кандидатурасын ұсынып отырғанын айтып, сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

– Сенаттың аграрлық комитетінде ауыл, елді-мекендердегі ең өзекті мәселелерді қамтып, соның орындалуына мұрындық болудамыз. Осы орайда «Ауылдық аумақтарды дамыту» тұжырымдамасы әзірленуде. Онда 1 миллионнан астам ауыл тұрғынын қамтитын ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға 1 триллион теңге бөлу, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу, шағын несие беру, суару алаңын екі есе арттырып, оны кемінде 2,2 миллионға жеткізу, 3,5 мың суару каналдарын қайта жөндеу, 25 су қоймасын салу, қолданыстағы 16 су қоймасын жөндеуден өткізу қамтылған.

Автожол саласында да түйінді мәселелер бар. Әсіресе, аудан орталықтарын облыс орталығымен байланыстыратын жолдарға назар аударғым келеді. Жолдардың қазіргі жағдайы ел экономикасына зиян келтіріп, жол-көлік оқиғаларының көбеюіне әсер етуде. Алматы облысы бойынша жолдарды жөндеуге 9,4 млрд.теңге қосымша қаржыландыру талап етіледі. Бұл мәселені республика деңгейінде депутаттық сауал арқылы көтердім. Алматы аглемерациясын дамытудың бірыңғай көліктік моделін құру туралы бағдарлама қажет екенін Үкіметке жеткіздім. Сенім білдерсеңіздер алдағы уақытта да облысқа қатысты өзекті мәселелердің оңды шешілуіне өз тарапымнан үлес қосамын, – деді үміткер.

Жиын барысында сөз алған Қонаев қаласының көпсалалы ауруханасының директоры Айман Рақышева медицина саласындағы қаржыландыру мен тендерге қатысты көңілтолмастықтарын айтып, «СК Фармацияның» дәрілерді кешіктіріп жеткізетінін тілге тиек етті. Қапшағай қалалық мәслихатының хатшысы Сәуле Нұрсұлтанова Сенат депутаттығына үміткер Жанболат Жөргенбаевтың облысымыздың дамуына үлеулі үлес қосып, қандай мәселеде де халық қалаулысы ретінде өз үнін жеткізіп жүргенін алға тарыып, сенім білдірді.

Алма ЕСЕНБАЙ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы