Ресми дереккөз НҚА сайтында "Үй жануарларын ұстау мен серуендетудің қағидаларын бекіту туралы" бұйрыққа түзетулер жарияланған болатын.
Дәлірек айтқанда, Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменованың бұйрығы 23 наурызда ақпараттандырылды.
Аталған сайтта төмендегі ақпараттар ұсынылды:
Жануардан бас тартқысы келген жағдайда оны басқа қожайынға табыстау міндетті. Басқаға берілмейінше, ол міндеттерден босатылмайды.
"Иттерді серуендетуге тыйым салатын орындар тиісті белгімен белгіленуі керек. Тыйым салатын жазулар болмаған кезде жоғарыдағы талаптарды сақтай отырып, мекемелерде, азық-түлік емес дүкендерде және басқа жерлерде жүруіне рұқсат етіледі. Иттермен жүруге тыйым салатын жазулар болған кезде мекемелер оларды байлау орындарын жабдықтайды", - делінген бұйрықтың мәтінінде.
Егер итті көшедегі адам агрессияға шақырған болса, ветеринариялық емдеу ұйымының рұқсаты бойынша иесі жануарды 10 күн ішінде оқшауланған үй-жайда ұстау туралы жазбаша міндеттеме береді. Бұл кезде ит иесінде қалады.
Иттер мен мысықтардың азық ретінде, оларды сою немесе денсаулығына өзге де зиян келтіру жолымен өнім үшін өсіруге, күтіп-бағуға, пайдалануға, осындай өнімді өткізуге тыйым салынады.
"Иттер мен мысықтарды бақылаусыз өсіруге жол берілмейді. Иттің, мысықтың иесі кинологиялық және фелинологиялық ұйымдарда тиісті тіркеуі болғанда ғана оны көбейтуге болады. Сондықтан оларды кастрациялау/зарарсыздандыру арқылы үй иттері мен мысықтарында қажетсіз ұрпақтың пайда болуын болдырмау үшін шаралар қабылдауға міндетті, бұл ветеринармен расталады", - делінген НҚА сайтында.
Айта кетерлігі, қоғамдық талқылау 6 сәуірге дейін жалғасады.
Фото: ғаламтордан
"ЖЕТІСУ" АҚПАРАТ