Талдықорғанда 400-ге жуық шетелдік тіркеудегі көлік заңдастырылды

Уақыты: 06.04.2023
Оқылды: 950
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда 400-ге жуық шетелдік тіркеудегі көлік заңдастырылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заңдастырылатын автокөлік Қазақстан аумағына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін енген болуы тиіс. Көлік еліміздің аумағына өтер алдында тіркеуден шығарылып, салық және басқа да төлемдері төленген болуы қажет. Егер көлік осы шарттарға сәйкес болса, рәсімдеу құны 200 мың теңгені құрайды. Жалпы, көлікті заңдастыру осы жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады. Азаматтар мамандандырылған ХҚО келіп те, мобильді қосымшалар арқылы да өтініш бере алады.

«Осы уақытқа дейін 1,5 мыңнан аса көлікті заңдастыруға өтініш түскен. Олар бойынша 367 көлік құралы тіркелді. Заңдастырудан бас тартылған өтініштердің дені кедендік тазартудан өтпеген, өзге мемлекетте есептен шығаылрмауына байланысты болып келеді. Осы жайттарға орай заңдастыру жүргізілмейді», - деді Талдықорған қаласындағы Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімінің жетекшісі Советбек Болатханов.

Айта кетейік, елімізде 23 қаңтардан бүгінге дейін 70 мыңға жуық шетелдік нөмірлі көлік заңдастырылыпты. Оның 67 пайызы - Ресейден, тағы 19 пайызы - Армениядан, 10 пайызы - Қырғызстаннан, 2 пайызы Грузиядан жеткізілген.

Фото: ғаламтордан