"Көшелердің сапасы сын көтермейді": Сарқанда биыл қандай жолдар жасалады

Уақыты: 04.05.2023
Оқылды: 1109
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сарқан ауданының орталығындағы кейбір көшелердің сапасы сын көтермейтіндігі ешкімге жасырын емес.

Былтыр Сарқан қаласындағы Қабанбай батыр көшесінің арық жүйесі, жаяу жүргіншілер жолы, жарық шамдары жасалса биылғы жылдың еншісінде 4,2 шақырымды құрайтын жол аумағының күрделі жөндеуі кезек күтуде.

– Сарқан қаласындағы Қабанбай батыр көшесінің автомобиль жолдарын күрделі жөндеу және тротуарлар орнату жұмысы басталып кетті, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Думан Нөкербаев. – Мердігер  «Прогресс KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы құны 437,4 млн. теңгені құрайтын күрделі жөндеу жұмысын биыл  аяқтайды. Жоба бойынша қолданыстағы жолдың қатты жабындысы, құбырлы өткелдерін ауыстыру және орнату, көшені жарықтандыру құрылғыларын орнату, жол жиектерін нығайту, жол белгілерін және жол таңбаларын орнату жүзеге асырылатын болады.

Қабанбай батыр көшесіне күрделі жөндеумен қатар биыл  ауданның 6 елді мекенінің жергілікті маңызы бар 10 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі күнге осы көшелердің сметалық құжаттары ведомстволық сараптамадан өткізілуде. Аталған жолдарға қаражат  жергілікті бюджеттен қарастырылған. Атап айтсақ, Сарқан қаласының Жаңабаев, Тәуке хан және Абай көшелері, Қойлық ауылының Б. Майлин және  Қабанбай батыр көшелері,  Аманбөктер ауылының Абай көшесі, Бақалы ауылының Тастұма және Көктөбе көшелері, Бірлік ауылының Жансүгіров көшесі, Көкжиде ауылының М. Төлебаев көшесінің жол жабыны орташа жөндеуден өтеді.

Ел назарындағы жолдарды жаңғырту жұмысындағы ахуал осындай. Аудан жұртшылығы жылдағыдай кешеу күзде емес ерте қолға алынған жұмыстың сапалы әрі уақытында аяқталуына сенгісі келеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"