Асқар Жұмаділдаев жаңа қызметке тағайындалды

Уақыты: 22.05.2023
Оқылды: 1026
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КЕАҚ вице-президенттері тағайындалды, деп хабарлайды 7-su.kz басылымы turkystan.kz дерегіне сүйеніп.

Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» КЕАҚ вице-президенті Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев академияның «Жер, Ғарыш және коммуникациялар туралы ғылым» бөлімшесінің төрағасы ретінде жұмыс тобымен бірлесіп отандық ғылымды ілгерілетуге атсалысады.

Асқар Жұмаділдаев – белгілі қазақстандық математик-ғалым және қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА-ның академигі.

Ал Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» КЕАҚ вице-президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев ҚР ҰҒА «Агробиоресурстар және экология» бөлімшесінің жұмыс тобының төрағасы болып сайланды.

Сондай-ақ аталмыш академияның вице-президенті Ләззат Тасболатқызы Ералиева «Өмір және денсаулық туралы» ғылымдар бөлімшесінің жұмыс тобының төрайымы ретінде, вице-президент Такир Оспанұлы Балықбаев академияның «Білім және азаматтық қоғам туралы ғылым» бөлімшесінің жұмыс тобының төрағасы қызметінде жұмыс істейді.

Фото: ашық дереккөзден