"Масаң күйде болған": Талдықорғандық тұрғын өзінің 5 жасар қызын тонауға оқталған азаматты ұстады

Уақыты: 23.05.2023
Оқылды: 984
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғандық тұрғын өзінің 5 жасар қызын тонауға оқталған азаматты ұстады, – деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Polisia.kz дерегін қаз-қалпында ұсына отырып.

Аталған дерек Талдықорған маңындағы Үйтас саяжай алабында тіркелген. 5 жасар қызын көлікте қалдырған ерлі-зайыптылар жеке үйлердің біріне кіріп кеткен.

Жақын жерде жүрген ер адам баланың Oppo Reno телефонын тартып алып, сондай-ақ автокөліктің ішкі қобдишасында болған иіс суды алып, жасырынуға тырысқан.

Қыздың айқайын естіген әкесі ұрыны қуып жетіп, “102” арнасына қоңырау шалып, оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне тапсырды.

– Ұсталған 22 жастағы жігіт масаң күйде болған. Бұрын ол қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтегені белгілі болды. Қазір тонау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – деп хабарлады Талдықорған полициясы.

Полицейлер күдіктіні ұстауға көмектескен батыл азаматқа алғысын білдіреді.

Фото: көрнекілікке алынды