«Балық тілсіз болса да халық тілсіз болмайды»: Облыстық көшпелі семинар өтті

Уақыты: 06.06.2023
Оқылды: 456
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің мәжіліс залында облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен еліміздегі мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Тілдерді оқытудағы белсенді әдістер мен технологиялар» деген тақырыпта облыстық көшпелі семинар өтті.

Жиынды облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс Жолдыбаев ашып, шараның басты мақсатына тоқталды, сонымен қатар семинардың құрметті қонақтарын таныстырды.

Осыдан кейін Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Қанат Досмайылов, Жетісу облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Туғанай Рақымберлина сөз сөйлеп, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мен еліміздегі ұлтаралық қатынастың одан ары өркендеуі бағытында тілдерді дамытудың маңызына байланысты ойларын ортаға салды.

Семинардың алғашқы бөлігінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан «Инофондардың қазақ мәдениетіне қызығушылығын арттыратын тілдегі халықтық білімдер жүйесі» деген тақырыпта баяндама жасады. Ғалым инофондар, яғни біздің тілімізді білуге, үйреніп сөйлеу мәнерін қалыптастыруға талпынатын өзге тіл өкілдерінің қаншалықты дәрежеде тұрғаны туралы ғылыми-зерттеулерін жүйелеп жеткізді. Сонымен қатар, туған тіліміздің тарихының қаншалықты тереңде жатқанын нақты мысалдармен жүйелеп, семинарға жиналғандарды, әсіресе, студенттердің қызығушылығын арттырды.

Тіл – халықтың басты қарым-қатынас құралы. «Балық тілсіз болса да халық тілсіз болмайды» деген Қадыр Мырзәлінің керемет нақыл сөзі бар. Жер бетінде 6 мыңнан астам тіл болса, оның ішінде өркен жайған қолданыстағы тілдермен қатар жойылып бара жатқандары да аз емес. Ғалымның баяндамасында осындай мәселелер әр қырынан жіктеліп, бүгінде мемлекеттік тіл деген мәртебесі бар ана тіліміздің кейбір жағдайлары сараланды. 

Екінші кезекте осы институттың Тіл тарихы және түркология бөлімінің меңгерушісі Айнұр Сейітбекова «Қазақ тілін оқытуда ескеретін қажетті тілтанымдық және әдістемелік білімдер жүйесі» тақырыбы бойынша баяндама жасады. Ғалым сараптамасынан түйгеніміз – шынында да мемлекеттік мәртебеге ие ана тіліміздің аясы бір жерде тар, бір жерде кең деп байбалам сала бергеннен ұтарымыз аз. Есесіне өзіміз де, өзге де еріксіз мойындайтын, қызығатын тіл таныту әдістерімізді тек ғалымдардың мойнына артып қоймай, оның бай мәйегін, бауырмалдық танымдарын тілі жаңа шыққан баладан бастап, тіршіліктің барлық деңгейінде, қоғамдық ортада танытудың әдіс-тәсілдерін жетілдіргеніміз жөн болар.

Семинардың екінші бөлімінде Жетісу облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының тіл курсы оқытушысы М. Маралбаева ашық сабақ үлгісін көрсетіп, семинарға қатысқан оқытушылар өзара іс-тәжірибе алмасты.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Жаркент қаласы