"Алдын ала дайындық жасамаймыз": Қорғаныс министрі журналистерге "ұсыныс" тастады

Уақыты: 07.06.2023
Оқылды: 544
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов  тілшілерді әскери бөлімшеге сапарлап қайтуға шақырды.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы ҚазАқпарат дерегіне жүгіне отырып хабарлайды. 

Қорғаныс министрінің журналистерді әскери бөлімшелерді аралауға шақыруының себебі де бар. Бұл туралы ол жастардың әскерге барудағы белсенділігінің төмендігін айта отырып: 

«Ең алдымен, бұл мәселе тәрбиеге қатысты болуы мүмкін. Сондықтан дәл қазір министрліктегі жауапты қызметкерге тиісті тапсырма беремін. Ол арнайы түрде автобуспен журналистерді жақын жердегі әскери бөлімшеге жеткізеді. Сол жерде тілшілер әр сарбазбен сөйлесе алады. Жауынгерлердің қандай жағдайда қызмет етіп жатқанын емін-еркін көресіздер. Бұл бөлімшеде алдын ала дайындық жасамаймыз», - деді Р. Жақсылықов Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның пайымынша, жастар арасында патриотизмді кеңінен насихаттау керек. Өзі үшін де, отбасы үшін де, Отаны үшін де жауапкершілікті сезіне білетін адамды тәрбиелеу керек. Түнгі клубта өзінің демалысына көбірек көңіл бөлетін адамдарға жауапкершілік жүктеу қиындау болады.

«Өз халқыңның патриоты болсаң, неге әскерге бармайсың? Егер жастар түнгі клубта жүрсе, онда олардың көңіл көтеруге, уақытын босқа өткізуге денсаулығы жеткілікті екенін білдіреді ғой?! Бірақ олар өздерінің әскери борышын өтегісі келмейді», - деді Қорғаныс министрі.

Сонымен қатар, ол Қарулы күштердің басшылығы әскердегі теріс әрекеттерге тосқауыл қою бағытында тиісті іс-шараларды ұйымдастырып жатқанын айтты.

Фото: ашық дереккөзден