Қуғын-сүргін құрбанынын қалтасынан «Jetisy» газеті табылды

Уақыты: 17.06.2023
Оқылды: 471
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қат-қабат жұмыс, сан мың сөзден тұратын жазбаларға санаң көміліп, ой омартаңнан нәрлі тіркес-теңеу сықпалап отырғанда жүректі дір еткізетін жаңалық есту де қызық қой. Дегенмен де 105 жылдық сүрлеу-сүрдек түзген қасиетті «Jetisy» газеті қуғын-сүргін құрбанының қойнынан табылуы біз үшін оңай жаңалық емес екен. Әп сәтте жанарыңа ып-ыстық жас келеді. Кемерінен тасып, кемеліне келіп толқи жөнелген көңілді басып, атқақтаған жүректі сабасына түсіре алмай бөлме кезіп сабылып кетеді екенсің.

Иә, Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылы маңында жүріп жатқан қазба жұмыс барысында қуғын-сүргін құрбандарының сүйегі табылыпты. Шерлі заманның қанқұмар шеңгелінен құтыла алмай, қорғасын оқтан жан үзген бақандай 20 қазақтың сүйегі аршылған. Мұның ішінде бір құрбанның жанқалтасынан біздің газеттің қиындысы шыққан екен. Мұны редакцияға сол өңірдегі Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев хабарлаған еді. Сол сәтте  газет журналистері бөлмеден бөлмеге шапқылап, бір орында байыз таппай кеттік.

«Жығылғанды сүрінгендей ете білерлер бар» деп Асқар Сүлейменов айтқандай, мұндай тарихи сәтте қандай сезіммен толқығаныңды ажарата алмай қалады екенсің. Бастапқыда репрессия құрбанының қалтасынан табылған «Сталин жолы» газеті үшін марқайып қалғанымызбен, артынан хат таныған, қазақтың күнделікті саясатын «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болған басылым арқылы біліп отырған Алаштың бір ардақтысы газет құшақтаған күйі жан қиыпты-ау деп шерлендік.

Рас, екіұдай сезімде болсақ та, мұндай жаңалықты оқырманға жеткізу мақсатында әлгі Мейіржан Мұсабаев атты бауырымызға хабарласып, мән-жайды толығымен сұрастырдық. Телефонның арғы жағынан: «Құрбандарымыздың сүйегін аршу мақсатында жүргізілген қазба жұмысы нәтижесінде 20 мәйіт қазылды. Солардың арасынан бірқатар зат табылды. Біреуінде темекі мүштегі, екіншісінен теңге табылса, бір құрбанның жанқалтасынан «Сталин жолы» газетінің қиындысын ұшырастырдық», – деп мәлімдеді. Қазба жұмысымен айналысқан Досбол есімді арихологтың да қалта телефонын берген. Алайда, ол кейіпкермен тілдесе алмадық.

Жан жүректі шымырлатқан жаңалықпен қанығып, ватсап желісі арқылы жолдаған газет қиындысына зер салдық. Мұнда латын тілінде жазылған «күнде шығады», «1938-жыл», «4-бет», деген жазулар анық көрініп тұр. Сол жылдары бүгінде ғасырдан астам тарих түзген газетіміз ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиімен басалғаны белгілі. Осы орайда, тарихқа шегініс жасап, газетіміз туралы жылнамалық жазбадан дерек келтіре кетуді жөн санадық.

«Jetisy» қазақтың астанасы болған Алматы қаласында шықты. Одан бергіде сан рет атауы ауысып, бірде «Жетісу ісші халық мұхбірі», бірде «Көмек», «Кедей еркі», «Тілші» аталып келген. 1935-1953 жылдар аралығында «Сталин жолы» атауымен жарық көрген басылым негізінен астаналық газет ретінде аптасына 5 рет оқырманға тарап тұрған. Латын әліпбиімен басылған газет ең бір қиын кезеңдерде де жарық көрді. Жаппай қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс осы «Сталин жолы» тұсында орын алды. Мұның алғашқы санына Хасен Өзденбаев редакторлық етсе, өз кезегінде талантты әдебиетші, аудармашы Жақан Сыздықов та басышылық еткен. Ұлт қаймағының бірі Ораз Жандосов та газетке қолтаңбасын қалтырған.

Міне, осындай тарихи кезеңдерді бастан өткеріп, биыл 105 жылдығын атап өткелі отырған газетіміздің қуғын-сүргін құрбаны қалтасынан табылғаны да ерекше жаңалық болғанын жасыра алмаймыз. Бұл біріншіден мерекеге тарихи тарту секілді көрінгенімен, екіншіден осыншама зиялыларды солақай саясаттың қорғасын оққа таңғаны, қағаз жастанып, кітап кемірген қаймақтарымыздың газет құшақтап өмірден өткені жанға салмақ салатыны да рас. Дегенмен, арыстардың қолтаңбасы қалған, Алаш қайраткерлері жаппай қалам тартқан газет үшін бұл да ғасырлық жылнамаға қосылған бір тарау, ерекше дүние екенін мойындаған жөн. Ендеше, қазақтың болашағын ойлап күн қалғымай, түн кірпік ілмей өткен кешегілердің сара жолынан жаңылмай, өзіңіздің «Jetisy»-ыңызбен бір болыңыз, алдияр оқырман!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ